Жамбыл облысында жоғалған келіншекті іздеуге келген құтқарушының өзі суға кетті
Жарияланған күні:
Гүлдана Санақбайды Тасөткел су қоймасынан іздеп жатқан сүңгуірдің бірі суға кетіп, денесі он төрт күннен бері табылмай жатыр. 23 жастағы келіншекті іздеуге бір топ құтқарушы Тараздан арнайы келген екен деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Олар полицейлердің сұраныс хатында көрсетілген төңіректі сүзіп шығуға кіріскен. Кешке тақау іздеу аяқталар тұста кенеттен жел тұрып, екі метрлік толқын пайда болған көрінеді. Ол 50 жастағы сүңгуір мінген қайықты қойманың ортасына қарай тартып әкеткен. 20 жылдық тәжірибесі бар Жұмағали Әбдірахманов кері қайта алмасын түсініп, желдің бағытымен жүре берген. Ол сол бойда оралған жоқ.
Білікті маманның қалай суға батып кеткені белгісіз. Жарты сағаттан кейін қарсы жағалаудан оның құтқару жейдесі мен мотор қайығы табылған. Ал өзін он төрт күннен бері әріптестері іздестіруде.
Басылым мәліметінше, Алматы облысынан да құтқарушылар көмекке келген.
Айта кетейік, Тасөткел су қоймасының ұзындығы 21, ал ені 8 шақырым. Тереңдігі 25 метерге жуық. Ауқымды аумақтан адам денесін табуға 100-ге жуық құтқарушы мен екі тікұшақ жұмылдырылған.
"Өте тәжрибелі сүңгуір. Тәжірбиесін мүмкіндігінше қолданды. Яғни бұл арада тек дауылдың әсері. Қатты тұрған дауылдан жоғарғы толқын қайықтың дер кезінде жағаға қайтуына дес бермеген", - дейді Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысында екі ай бұрын үйінен шығып кеткен 23 жастағы келіншек іздестіріліп жатыр. Тәртіп сақшылары оны жер-көктен іздегенімен, әзірге еш нәтиже жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908410-zambyl-oblysynda-zogalgan-kelinsekti-izdeuge-kelgen-qutqarusynyn-ozi-suga-ketti/