"Ұмай емес, удай": Әйелдерге арналған ипотекалық бағдарлама көптің сынына ұшырады
Жарияланған күні:
"Отбасы банктің" әйелдерге арналған "Ұмай ана" тұрғын үй бағдарламасы көптің сынына ұшырады. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 12 пайызды құрайтынын естіген әйелдер "Ұмайдың пайызы удай" деген қорытынды жасады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Ұмай ана" бағдарламасының шарттарын KAZ.NUR.KZ оқырманы Балауса Набиева әйел адамдарға тиімсіз деп санайды.
Бағдарламаның басталғаны жөнінде "Отбасы банктің" ресми парақшаларынан білген ол банкке барған. Оқырман 15-16 миллион теңгелік пәтерін осы бағдарламамен 25 жылға алса, оның жалпы құны 36 млн теңгеге жетіп жығылатынын алға тартты.
"Бұл бағдарламаның шарттары әйел адамдар үшін өте күрделі де тиiмсiз екен. Барып білгенімізде ипотека 25 жылға беріледі екен, орташа есеппен 15-16 млн теңге тұратын пәтерге 10 жыл бойы айына 230 мыңдай төлеу керек. Қалған 15 жыл 56 мың теңгеден. Соны есептей келгенде 15 млн-дық пәтерге бас-аяғы 36-37 млн теңге төлейді екенбіз", - дейді Балауса Набиева.
Алматы тұрғыны "Ұмай ана" бағдарламасының шарттарын жетілдіріп, әйелдерге қолайлы етіп қарастырса деген тілегін жеткізді.
"10 жыл бойы 230 мыңнан төлеу мүмкін емес, ай сайынғы төлем орташа 120-150 мың теңге болса түсінер едік. Елімізде айына 230 мың теңге табыс табатын адам кемде-кем, әсіресе әйел адамдар. Бағдарламаны әйел адамдарға арнап шығарғаннан кейін ойлану керек сияқты.
Тұрмысқа шықпаған қыздар бар, тұрмысқа шығып, декреттік демалысы бар дегендей, біздің елде бала күтіміне байланысты 200 мыңдап жәрдемақы бермейді. Сондықтан пайыздық мөлшермелесін 10 жылға емес, барлық 20-25 жылға созып есептесе, қолжетімді болар еді", - дейді ол.
Отбасы банктің Instagram-дағы аккаунты да"Ұмайға" қатысты сыни пікірге толы.
"Ұмай емес, удай ғой", "Пайызы өте жоғары екен. Бес-сегіз пайыз болса, дұрыс болар еді. Мынау деген халықты тонау ғой", "Не деген пайызы көп. Бұл нағыз еркектің еркегіне арналған бағдарлама", - деп пікір білдірді банк тұтынушылары.
Айта кетейік, "Отбасы Банкінің" әйелдерге арналған "Ұмай" атты ипотекалық бағдарламасы 12 сәуір күні басталды. Жаңа бағдарлама несиені 15 пайыз бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ да рәсімдеуге мүмкіндік береді.
"Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 12 пайыз, алдағы уақытта, яғни тұрғын үй заемына ауысқан кезде несие мөлшерлемесі 3,5 пайызға дейін төмендейтін болады. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 30 млн теңгеге дейін. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының жалпы табысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс", - делінген аталған бағдарлама туралы банктің ресми мәлімдемесінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908519-umai-emes-udai-aielderge-arnalgan-ipotekalyq-bagdarlama-koptin-synyna-usyrady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.