Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ортақ шешімге келіп, әрекет еткен жөн": Белгілі депутат Атырау облысындағы "шекара дауы" туралы

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақ Жайық

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елдімекенінде демалыс күндері болған оқиғаға қатысты парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров пікір білдірді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ерлан Сайыров Көптоғайда қалыптасқан жағдайды сараптап шыққанын жеткізді.

"Шекараны белгілеген кезде, яғни делимитация жасаған уақытта халықтың мал-жайы, су көздерін, жайылымын қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан осы Атыраудағы жағдай делимитация кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру керек екенін көрсетті. Яғни, мал жанын бағуға, су көзедіріне қол жетімді болуына жағдай жасалуы қажет еді. Кеше қарап отырсақ, бұл мәселе Атырауда шешімін тапқан тәрізді. Себебі шекарашылар қойған торларын алып тастады деген хабар келді.

Болашақта мұндай жағдай болмас үшін делимитация жасап жатқан аймақтарда алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ескеру керек. Халықпен кездесіп, ортақ бір шешімдерге келіп, барып әрекет еткен дұрыс. Айта кету керек, Қазақстанның көршілермен ешқандай шекара мәселесі жоқ. Шекара шегенделген. Бірақ делемитация кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру өте маңызды. Мен бұл мәселе бойынша үкіметке хат дайындап жатырмын", - деді халық қалаулысы.

Ол кейбір карталарда, құжаттарда сол кездегі кеңшардың территориясы ілгеріде болғанын айтады. Шекараны айқындаған кезде, ішкері еніп кеткен көрінеді.

"Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Қазақстан үкіметі Ресей тарабымен келіссөзге отыруы керек. Өзбекстанмен болған келіссөздердің тәжірбиесіне сүйене отырып, бір экономикалық аймақта екенімізді ескере отырып, шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал", - деді Ерлан Сайыров.

Атырау олысы Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровтің сөзінше, қазір Көптоғай ауылдық округінде халықпен кездесу өтеді. Ол жерде ауданның жауапты қызмет басшылары қалыптасқан жағдайға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

"Таңертеңнен бері айтарлықтай жаңалық жоқ. Біз қазір сол ауылға бара жатырмыз. Арнайы қызметтер барады, ол жерде БАҚ өкілдері де болады. Мән-жаймен өздері қанығады. Шекараны белгілеу негізі әкімдіктің құзырындағы мәселе емес. Бірақ ол жерде кеше халық айтқандай мәселе жоқ, су тоқтап қалған жоқ. Қиғаш деген өзен бар, ол Ресей жақтан да, біз жақтан да өтіп жатыр. Траншекаралық өзен. Жайылым жеткілікті, одан да проблема көріп тұрған жоқпын. Халыққа ешқандай кедергі жоқ", - деді жергілікті атқарушы билік өкілі.

Айта кетейік, Көптоғай ауылдық округі — Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы әкімшілік аумақ. Құрамына Көптоғай, Балықшы (Рембаза) ауылдары кіреді. Округте 1300-ге жуық халық тұрады. Негізінен балық, егін және мал шаруашлығымен айналысады.

Жергілікті тұрғындардың дүрлігуіне 14 сәуірде Көптоғай ауылы тұсында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршаудың салына бастауы түрткі болған.

Ауылдықтардың сөзінше, шекаралық қоршау Қиғаш өзенінің саласы "Отыз бес" деп аталатын өзектің арғы тұсында орналасқан. Өткен аптаның ортасында шекарашылар қадаларды Көптоғай ауылына өте жақын, көлдің бергі бетіне ауыстыра бастаған. Ауыл маңындағы көлден малын суғарып, тіпті ауыз суды да осы жерден тұтынып отырған жергілікті тұрғындар жиналып, наразылық танытқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908622-ortaq-sesimge-kelip-areket-etken-zon-belgili-deputat-atyrau-oblysyndagy-sekara-dauy-turaly/

pixel