"Түркияда да пәтерім бар": Бес бірдей үйі бар келіншек табысқа жетудің құпиясымен бөлісті
Жарияланған күні:
Соңғы кезде Түркиядан пәтер сатып алып жатқан қазақстандықтардың саны арта түсті. Солардың бірі бес бірдей пәтері бар шымкенттік тұрғын Ғазиза Байтемірова. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген көпбалалы ананың айтуынша, табысқа жету үшін жоғары оқу орнын үздік бітірудің қажеті жоқ.
Ғазиза Байтемірова елордада агротехникалық университетті қызыл дипломмен тәмәмдап, сонда ұстаздық қызмет еткен. Сондай-ақ ол сол білім ордасының магистратурасын да бітірген.
Алайда уақыт өте келе жеке бизнеске ауысқан. Себебі, пәтер жалдап тұратын жұбайлардың табысы күнделікті тіршіліктен артылмаған.
Ғазиза балаларын асырау үшін, бір жылдары тіпті түнде такси жүргізушісі болғанын да жасырмайды.
"Табысқа жету үшін, әр саланы бір көру маңызды емес. Менімен бірге жұмыс істейтін қыздар қиындықтар туып жатса, "посудомойщица" болып кетеді, тағы біреулер қосымша жұмыс іздеп кетеді. Мен олай істеген жоқпын, мен тек бір ғана нәрсемен айналыстым. Тек бастапқы жылдары такси жүргізушісі болып ақша тапқаным бар. Оны да тек түнде істедім, себебі күндіз жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Ана баласын аш қалдырмау үшін, бәрін жасайды екен. Қазір біреуге қарап, қол жайып отыратын адамдарды түсінбеймін, олардың өмірінде бәрі бар, тек соның жақсы жақтарын көре білу керек", - дейді ол.
Ғазиза Байтемірова жан жарының осыдан бірнеше жыл бұрын жала жабылып, темір торға тоғытылғанын айтады. Десе де, қайсар келіншек қиындыққа мойымай, төрт баласын аяқтан тік тұрғызу үшін, одан ары еңбектенуді жөн көрген.
Бүгінде еңбекқор келіншектің бес пәтері бар. Солардың бірін көпбалалы ана Түркиядан алған.
"Иә жолдасым бір ай, жыл емес, бір-ақ күнде жанымда болмай қалды. Сол кезде менің алдымда екі жол тұрды. Біріншісі күйзеліске түсіп, жатып қалу. Екіншісі бүкіл күшімді жинап, бұл жерден шешім тауып өтуім керек екенін түсіндім. Сол кезде 3 бала, 3 кредитпен қалу мені бір-ақ күнде есімді жиғызуға мәжбүрледі. Мен жолдасыма еркелеп жүрген Ғазизадан қанша өмір көрген адамға айналдым. Үйде біздің қажеттіліктерімізде әкелетін адамның, тіпті нан әкелетін адамның жоқ екенін түсіндім. Осы қиындықтар үшін де Аллаға алғыс, себебі мені осы қиындықтар оятты. Осы қиындықтар өмірде өзімді табуға мүмкіндік берді", - дейді Ғазиза.
Сонымен қатар кәсіпкер сұхбат барысында табысқа жетудің құпиясымен де бөлісті. Айтуынша, табысты болудың құпиясы ЖОО-нын үздік бітіруде емес, аянбай еңбек етуде.
"Қызылға" бітірсеңіз де, жай диплом алсаңыз да істейтін жұмысыңыз да, алатын жалақы да бірдей болады. Тіпті, "көкке" бітірген адамдар "қызылға" бітірген адамдардың үстінен басқарып отыруы мүмкін. Біз сол жылдары тек ата-анамыз "қызылға" бітір, далада қалмайсың деген соң, сол сенімді ақтауға тырыстық. Өмірде өзін дамытатын салалар көп болса екен деймін.
Өйткені дамыған мемлекеттерде білесіздер бала өзі қызығатын пәндерге ғана қатысады, қызығатын салаларда ғана дамытады. Біз сияқты жалпылама оқытпайды. Мен де бала тәрбиелеп отырмын, бірақ олардың біліміне баса мән бермеймін, мен олардың тәрбиесі, ата-анамен қарым-қатынасына көп көңіл аударамын", - дейді кәсіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908645-turkiyada-da-paterim-bar-bes-birdei-uii-bar-kelinsek-tabysqa-zetudin-qupiyasymen-bolisti/