Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағасы етпен бірдей: Алматылықтар көктемгі жеміс-жидек бағасына үрке қарауда (фото)

Опубликовано:

Көкөніс
Фото: NUR.KZ

Азық-түлік бағасы тоқтаусыз шарықтау үстінде. Көктемгі авитаминоз кезінде қарапайым халыққа қалаған жемісін алып жеу де арманға айналып барады. Осы салада кәсібін дөңгелеткендердің сөзінше, шеттен әкелінетін көкөніс пен жемістің бағасын тұрақтандыру мүмкін емес. Қазір Алматыда анардың бір келісі еттің құнымен пара пар болып тұр деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматылық Гүлсім әжей зейнетақысы түскен күні айына бір рет көкөніс пен жеміс сатып алу үшін базарға келеді. Айтуынша, зейнетақысының жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалады.

Анар
Фото: NUR.KZ
«Сұмдық, бір тал анарды өлшетіп едім, 1500 теңгеге айналады екен. Бағасы етпен бірдей. Анар алғанша ет сатып алып, 5-10 күнге азық қылмаймын ба? Картоптың да килограмы 230-250 теңгеге өсіп кетіпті. Осылай базарға келіп, не алғанымды білмей қайтамын үйге. Дәрумен жеп, денсаулықты нығайтуға мүмкіндік жоқ. Қымбатшылыққа халықтың еті үйреніп барады. Елдің жалақысы осыдан үш жыл бұрынғы деңгейде қалып қойған. Ал базарда үш жыл бұрынғы баға қайда?», - дейді зейнеткер.
Қызанақ
Фото: NUR.KZ

Базарға келген тұрғындар көктемгі жеміс бағасын көріп, үрке қарауда.

«Қияр мен қызанақ бағасы 800 теңгенің айналасында. Қазір қыс мезгілімен салыстырғанда олардың бағалары түсті. Олар бізге Ташкенттен, Сарыағаштан әкелініп жатыр. Әрине бағасына ортадағы делдалдар, тасымалдау құны әсер етеді», - дейді сатушы.

Базар
Фото: NUR.KZ

Оның айтуынша, экзотикалық жемістер бұрын Қытайдан келсе, карантиндік шектеулерге байланысты шекара жабылған соң Түркия, Аргентина, Испаниядан импортталады.

Авокадо сөреде тұр
Фото: NUR.KZ

"Баға біздің қолымызда тұрған жоқ. Жеміс-жидек бізге жеткенше бірнеше есе қымбаттап кетеді. Үстінен көп қоса алмаймыз. Сөреде тұрып қалмау керек", - дейді базарда тұрған сатушылар.

Бүлдірген
Фото: NUR.KZ

Базар сөрелерінде пияздың биылғы балғын партиясы сатылымға түскен, Алматыда ол 160 теңгеге сатылуда. Сөреде жақында пайда болған бүлдіргеннің бағасы килограмына 3500 теңге.

Айта кетейік, жыл басында өткен үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген шенеуніктер жазаланатынын айтқан болатын.

Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,4%-ға қымбаттады. Сырттан келетін өнім және маусымаралық кезеңде көкөністің бағасы өскен. Көбінесе Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында бағаның өсуі байқалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908909-bagasy-etpen-birdei-almatylyqtar-koktemgi-zemis-zidek-bagasyna-urke-qarauda-foto/

pixel