Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жылы киім сұраймын деп басым бәлеге қалды": Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі жұмыссыз қалды

Жарияланған күні:

Жедел жәрдем жүргізушісі
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі басшыларынан жылы киім сұраймын деп жұмыссыз қалған. Алты баланың әкесі Ербол Емілжанов тиісті құзыретті орындардан әділдік орнатуды сұрайды деп хабарлайды Астана арнасы.

Қарағанды облысының тұрғыны Ербол Емілжанов Майқұдық ауданындағы жедел жәрдем бекетінде 8 жыл көлік жүргізген. 6 баланың әкесі қазір жұмыссыз жүр.

Пандемия кезінде облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталған ол киім үшін жұмыссыз қаламын деп еш ойламаған.

Емілжанов облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасарынан "арнайы жылы киім" сұрағаным үшін басым бәлеге қалды деп отыр.  

"Бізге күздік киімді қашан бересіздер? Қосалқы станциялардың бәрі алды. Жазғы форманың ішінен жылы шалбар киіп жүрміз" деп айттым. Дұрысын айтып тұр едім, ол кісі менімен сөзге келіп қалды да, балағаттап жіберді. Артымыздан директор келді де, "мен сені жұмыстан шығарамын" деді", - дейді Ербол Емілжанов.

Жедел жәрдем қызметкері осыдан соң директор соңына түскенін айтады. Ал басқа бекетке ауыстырамын дегеніне келіспеген соң, мүлде жұмыстан шығарып жіберген.

"Біздің бастықтарға денсаулық министрлігінен бе, президенттен бе, құзырлы органдардан шара қолдануды сұраймын. Өйткені бізде қаншама медицина қызметкерлері жұмыстан шығып кетті. Қудалау басталады", - дейді ол.

Емілжановтың сөзінше, Қарағандыда соңғы бірнеше айда 50-ден астам жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жұмыстан кеткен.

Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған мекеме басшыларына қатысты ешқандай шағым түспегенін айтады. Ал Ербол Емілжановты басқа бекетке ауыстыру қаншалықты заңды екенін білу үшін еңбек инспекциясына сауал жолдаған.

"Қызметкердің басқа бекетке ауыстырылуы қаншалықты дұрыс екенін анықтау үшін денсаулық басқармасы еңбек инспекциясына сауал жолдады. Алайда негізі жүргізуші басқа қалаға емес, қала ішіндегі басқа бекетке ауыстырылған, ол ережеге қайшы емес. Бірақ басшыларының этикасына қатысты шағымдарын бізге жазса, арнайы қызметтік тексеру жүргіземіз", - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Бибігүл Төлегенова.

А. Қуаш

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909115-zyly-kiim-suraimyn-dep-basym-balege-qaldy-qaragandyda-zedel-zardem-zurgizusisi-zumysynan-quylgan/