Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмыссыз күн көру мүмкін емес": АҚШ-та 8 жыл бойы тұрған қазақ қызы ондағы өмір жайлы айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Instagram/kazakhi_v_amerike

Бүгінде елімізде шетелде алған білімін кәдеге жаратып, елдің дамуына үлес қосып жүрген жандар баршылық. Солардың бірі-алматылық Света Дәуітова. Бойжеткен жұмыс бабымен АҚШ-қа қоныс аударып, онда 8 жыл бойы тұрған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Света жұмыс берушінің шақыртуымен, қалдықсыз өндіріс шығаратын агроөнеркәсіптік кешенді ашу үшін осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-қа аттанған.

"Менің негізгі мамандығым негізінен қаржылық сарапшы. Бірақ АҚШ-тан ауыл шаруашылығы саласына шақырту алып, сонда 8 жыл бойы тұрып, жұмыс істедім. Жалпы АҚШ-та ауыл шаруашылығы саласының ішінде жылыжай, фермерлік шаруашылық жақсы дамыған. Мен онда ауыл шаруашылығы қызметі нарығын сараптайтын маман ретінде бардым.

Келісімшарт аяқталған соң, оны ұзартуға мүмкіндік болмады. Грин картаны да рәсімдей алмадым. Сөйтіп елге қайттық. Шынын айтқанда, өз еліңде болудың артықшылықтары көп. Қазір жылыжай шаруашылығы саласында жұмыс істеймін. Сосын еліміздің азаматтарына виза рәсімдеу, соған қатысты кеңестер беру, сұхбаттан өтуге көмектесумен айналысамын", - дейді ол.

Білікті маман сұхбат барасында АҚШ-тағы өмір жайлы да баяндап, шетелдегі жайлы өмірді аңсайтын отандастарына да кеңесін айтты.

"Мен АҚШ-ты әдемі "фантик" дер едім. Онда адам жақсы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ жақсы өмір сүру үшін жалпы жан бағу үшін үнемі жұмыс істеу керек және бір адам емес, бүкіл отбасы болып еңбектену қажет. Америкада жұмыссыз күн көру мүмкін емес. Жалпы бәрі АҚШ-та тұруды армандап, ондағы өмірді "керемет" деп ойлайды. Бәлкім солай да шығар, бірақ барлық жерде тек еңбектеңсен ғана аяққа тұра алатыныңды ұмытпау керек", - дейді Света.

Сонымен бірге Света Дәуітова АҚШ азаматтарының бір күндік табысы туралы да айтып берді.

"АҚШ-та мамандықсыз күніне орташа есеппен 12 доллардан 20 долларға дейін табуға болады. Ал мамандық бойынша сағатына 20 долларға дейін табасыз", - дейді бойжеткен.

Оның сөзінше АҚШ-та қазақ азаматтары баршылық.

"Американың түрлі штаттарында отандастарымыз көп. Олар бірлестіктер құрып, бір-біріне көмектесіп жатады. Тіпті, ол жақтағы қазақтар бір-бірінен соғым да сатып алып жатады", - дейді Света.

Сөз соңында Света қазақ жастарының не себепті Америкаға көптеп кетіп жатқанына да тоқталды.

"Жастар қазір білімді, сауатты, олар тек АҚШ қана емес, жалпы ЕО елдеріне баруды жөн көреді. Ал студеттердің өзінен сұрағанымда олар жаңа елді көріп, білгісі келетіндіктерінен осы елді таңдайтындықтарын жиі айтады", - деп сөзін түйіндеді Света Дәуітова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909774-ol-zaqtagy-qazaqtar-bir-birinen-sogym-alady-aqs-ta-8-zyl-boiy-turgan-qazaq-qyzy-ondagy-omir-zaily-aitty/

pixel