Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Министр болсаң да босағада отырасың": Қызылордаға келін болған шығыс қызы басынан кешкендерін баяндады

Опубликовано:

келін 1
Көрнекі фото: Limon.KG

Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін, шығысы мен батысын жалғастырып, бірін-бірі іздеп тауып қосылған ғашық жұптар баршылық. Алайда салтының әртүрлі болуы себепті оған үйренісе алмай, ажырасып жатқан жастар көп. Осыдан 37 жыл бұрын Қызылорда облысына келін боп түскен өскемендік ару, бүгінде ақжаулықты әже алғаш келін атанған кездегі басынан кешкен қызық жайттарды KAZ.NUR.KZ тілшісімен бөлісті.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына келін болып түскен Гаухар Нілібаева отбасылық өмірінің алғашқы жылын қазір күліп еске алады.

Орамал салу

Қыз күнімен қош айтысқан келіншектің басына ақ жаулық салу иісі қазақта бар дәстүр.

«80-жылдары Алматыда оқу оқып жүрген қыздар шашын сәнді етіп қиып, бояп алатын. Мен де солардың бірі болдым. Жолдасыммен қыз бен жігіт ретінде сөйлесіп жүргенде орамал тақпау жөнінде келіскен едік. Жолдасым таққызбаймын деп уәде берді. Бірақ ауылға түсе салысымен абысындарым мені орамал тағуға көндірді. «Бұл жақта орамал тағу – үлкенді сыйлаудың белгісі. Сен ақ жаулық кимесең, бұл ел сені адам сыйламайтын әдепсіз келін екен дейді», - деп біраз дәріс оқыды. Сөйтіп, басыма орамалды жапты» - дейді Гаухар Нілібаева.

Шығыс Қазақстанда ондайды көрмеген жас келін орамалды тек үйде тағатын болыпты. Ал көшеге шығарда басынан шешіп тастайды екен. Орамал тағуды сол жақтың келіндері мәртебе көрсе, қалада оқу оқып келген келін үшін ол жат нәрсе көрініпті.

Келін босаға жақта отыруы тиіс

Оңтүстіктің келіні ретінде Гаухар дастархан жайылған үстелдің төмен жағына қарай отыруды әдетке айналдырған. «Біз жақта келін кез келген жерге отыра береді ғой, бірақ, әрине, төрге шығып кетпейсің. Бұл жақта келіндердің орны ең төменгі жақ екен. Басыңа орамал салып, есік жақта отыру мен үшін дүниедегі ең қиын нәрсе болып көрінді. Ол жақта келіннің оқыған оқымағаны ешкімді қызықтырмады. Министр келін болсаң да босағада отыруға міндеттісің», - дейді Гаухар апай.

Қайын жұртқа ат қою, сәлем салу

Бұрын-соңды ондай салтты көрмек тұрмақ, естімеген өскемендік Гаухар апай үшін қайын інілеріне ат қою қияметке айналыпты.

«Мен оларды жақсы танымаймын, қалай ат қоям деп ойладым ішімнен. Оларды атымен атай бердім. Қайын ағаларыма сәлем салуға міндетті екенмін. Иіліп көрмеген мен үшін сәлем салу да қолдан келмейді. Өздеріне сөз емес болғанмен, басқа жақтан келгендер бұған біраз үйренісе алмай жүреді. Міне осындайға тап болдым», - деп ағынан жарылды қызылордалық келін.

Неке жүзігі мен той көйлегін қыздың ата-анасы әкелуі тиіс

Гаухар Нілібаева құдалар арасында болған келіспеушіліктердің де болғанын жасырмады. Той көйлегі мен неке жүзігін қыздың ата-анасы алуға тиіс деген заңдары өскемендік кұда-құдағидың жағасын ұстатыпты.

«Қазір сол үйлену тойымызды күліп еске аламыз. Сол ауылдың заңы бойынша менің ата-анам тойға киетін ақ көйлегімді, неке жүзігін сатып әперуге міндетті екен. Жолдасымның туыстары тойға дейін қыбыр етпеді. Той күні де келіп қалды. Ал бізде көйлек те жоқ, жүзік те алынбаған. Мен жылап жүрмін. Тойға Өскеменнен келген ата-анам мұны естіп, ашуға мінді. «Қыздан құтыла алмай отырған біз емес. Өздеріңіз алыңыздар. Біз жақта ондай заң жоқ», - құдалар деп біраз жерге барды. Сөйтіп той болатын күні дүкеннен өзім ақ туфли сатып алдым, ал көйлекті көрші үйдің келінінен сұрап алдым», - дейді Гаухар апай.

Осылайша тойды өткізіп болған соң, ол туфлиді дүкенге қайта өткізіп тастапты.

Жаңа түскен келіннің киіміне баға беру

Ұзатылған қызды жылдың төрт мезгіліне лайық бастан-аяқ киіндіру салтын Гаухар апайдың төркіні білмеген.

«Біз бұл салтты білмейді екенбіз, әйтпесе төркінім әперер еді. Осы заңын орындай алмадық. Келіннің киімін қабырғаға іліп қойып, көру менің төркініме мүлде жат нәрсе болып көрінді», - дейді ол.

Келіннің тапқан табысын енесі жұмсаған

Ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызметке тұрған Гаухар Нілібаева алғашқы жалақысын енесіне әкеп табыстапты. Содан бастап декреттік демалысқа дейін ақшаны өзі жұмсап көрмеген.

«Мен енеме қарсы сөйлеп көрмеген адаммын. Сол ауылға келін болып түсіп, қызметке тұрған мен алғашқы жалақымды жолдасымның айтуы бойынша енеме әкеп бердім. Қайдан білейін, шетінен алып отырам ба дегенмін. Бірақ қайтаратын түрі жоқ. Сөйтсе бұл жақта менен басқа да келіндер тапқан табысын енесінің қолына ұстатады екен. Ол кісі өзі базарға барып, сауда жасайды. Бізге бір шұлық та тимейді. Бала-шағаға киім-кешек, тамақ әкелетін», - деп еске алады Гаухар апай.

Ал өздерінің жүріп-тұрысына қажет ақшаны Гаухар апай өз анасынан сұратып жүріпті. Қызмет бабымен Алматыға ауысқан отбасы ешқашан қазақы салттан аттап өтпегендерін айтады. «Басыма орамал салмасам да, енеммен бір рет болса да ұрсысып, қайын сіңлілерім, інілеріме ауыр сөз айтып көрмеппін», - дейді Гаухар Нілібаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910004-ministr-bolsan-da-bosagada-otyrasyn-qyzylordaga-kelin-bolgan-sygys-qyzy-basynan-keskenderin-bayandady/

pixel