Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Парламент несие тарихы бұзылған 490 мың адамды қуантатын заң қабылдады

Жарияланған күні:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде қарызынан толық құтылған адамдардың несие тарихын сақтау мерзімі он жылдан бес жылға дейін қысқарады. Парламент тиісті өзгерістер енгізілген заңды қабылдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатта кейбір заңнамалық актілерге банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеуге қатысты өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Құжатта кредит тарихы нашар адамдарға аса қажет болған жағдайда несие алуға мүмкіндік беретін норма көзделген.

Егер бұрын кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде кредитін өтеген және қазір берешегі жоқ адамдарға қатысты бұл мерзім 5 жылға дейін қысқартылады.

"Азаматтардың кредит тарихын сақтау мерзімі маңызды мәселе болып отыр. Банктер өткен он жылда қарызын уақытылы төлемей, мерзімін өткізіп алған адамдарға кредит беруден бас тартады. Кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда, 490 мыңға жуық отандасымыз қажет болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан кредит ала алады", - дейді сенатор Ольга Перепечина.

Сонымен қатар, коллекторлардың қызметін реттейтін түзетулер де қабылданды.

Енді оларға коллекторлық агенттікке тіркелмеген, бөтен адамдардың телефон нөмірінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салынады. Одан басқа, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесіне бейне және аудио түрінде жазба жүргізуге міндеттеледі.

Депутаттар бұл норма коллекторлардың борышкермен дөрекі сөйлесуіне немесе заңнаманы бұзуына жол бермейді деп санайды.

Заң жобасында банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілген. Мысалы заңда мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады.

Сенат заң жобасын екі оқылымда қарап, бірауыздан қабылдады. Құжатқа қол қою үшін президентке жіберілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910293-parlament-nesie-tarixy-buzylgan-490-myn-adamdy-quantatyn-zan-qabyldady/