RU

Өз әжесінен бір миллион теңге ұрлаған оралдық азамат ұятқа қалды

Зейнеткер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Оралда немересі өз әжесінің 1 миллион теңгесін жымқырғаны анықталды деп хабарлайды Қазақпарат.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 1992 жылғы тұрғын бұрын да істі болған.

Ол 1951 жылғы өз әжесін коммуналдық және басқа төлемдерді төлеу үшін телефонына банктің мобильдік қосымшасын орнатуға көндірген.

Содан кейін зейнеткердің банктік шотына кіруге мүмкіндік алып, ақшаны өзінің есепшотына аударып алған.

1 миллиондай теңгесінен айырылған әйел полицияға жүгінген кезде қаржыны өз немересінің ұрлағаны анықталды.

Қазіргі уақытта қолға түскен жас жігітке қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігіне ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция күдіктінің ақшаны қайтара алмағанын хабардар етті. Жас жігіт әжесінен ұрлап алған қаржыны бірнеше күннің ішінде жұмсап үлгерген.

Еске сала кетсек, осыған дейін Батыс Қазақстан облысында несиесін өтеу үшін жылқы ұрлаған үш ер адам ұсталғанын жазған едік.

Оқиға 20 ақпан мен 28 наурыз аралығында Казталов ауылында орын алған.

Үш ер адам жайылымнан төрт бас мал жылқыны ұрлап, оны сойып, қалаға алып келіп сатқан.

Олар аталған қылмысқа арасындағы біреуінің мойнындағы несиесін өтеу үшін барғанын айтып отыр.

Арнайы жедел іздестіру шаралары барысында оқиға орнында қараусыз қалған құдықтан төрт жылқының басы, аяқ-қолы мен құйрығы, сондай-ақ күдіктілерге әкелген іздер табылған.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Казталов ауылының 1972, 1991, 1999 жылдары туған үш азаматы қолға түскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910333-oz-azesinen-bir-million-tenge-urlagan-oraldyq-azamat-uyatqa-qaldy/