Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында он жыл бойы ауызсусыз отырған ауыл тұрғындары көшеге шықты

Опубликовано:

Ауылдықтар
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Ақмола облысында 200-ге жуық түтіні бар Баянбай ауылы ауыз сусыз отыр. Бұл елдімекенде апталап емес, айлап тіршілік нәрінсіз  қалу соңғы жылдары жиі қайталанады. Жан үшін де, мал үшін де қар ерітіп пайдаланған жұрт қыстан әупірімдеп әрең шығыпты деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Баянбай ауылындағы 36 суағардың қаңсып тұрғанына он жылдан асқан. Жұрт шлангі жалғап, суды тікелей құбырдан алып жүріпті. Алайда бір апта бойы құбырдан да тамшы тамбай қалған.

Ауылда малмен жан бағатын 600 тұрғынның ауызсусыз отырғандығын Бурабай ауданының басшылары жақсы біледі. Қыстай су таппай қиналғанда қар ерітіп амалдаған олар, күн жылынып жер жібісе, мәселе шешілер деп шыдам танытқан.

Шыдам да шегіне жеткен сияқты. Өйткені суағардың құдығында да су қалмапты. Сусыз көрген күніміз қараң, қиындықтан шығатын жол тапсын деген ашулы жұрт көшеге шықты.

"Жағдайымыз осы! Сусыз өте қиын. Облыс 45 шақырыма, аудан 20 шақырымда тұр. Аспаннан ай сұрап тұрған жоқпыз ғой", - дейді ауыл тұрғыны Гүлнәр Фазылжанова.

Жұрттың жердегі суға қол жеткізе алмай жүргенінің себебі де бар сияқты. 44 жыл бұрын тартылған су құбыры күні бүгінге дейін иесіз екен. Аудандағы коммуналдық қызмет ескі дүниені балансқа алғысы келмеген. Тұрғындар амалсыздан өткен жылы нысанды тазартуға өз қалтасынан 1 миллион жинап берген.

Енді құбыр желісі мүлдем жарамсыз болып қалған. 115 оқушысы бар ауыл мектебіне де қиын. Тот басқан ежелгі өрт сөндіру көлігіндегі таттанған сумен мектепте еден жуып жүр. Осының бәріне ашуланған баянбайлықтар ауданнан арнайы келген басшыларды көріп, одан сайын айғайға басты.  

"Бүгінде аудан әкімдігі бұл ауылға жаңа су құбырын тарту үшін жобалау- смета құжатын әзірлеп жатыр. Оған уақыт керек. Алғашқы жарты жылдықта құжат әзірлеп, бюджетке тапсырыс береміз. 2021-22 жылдары жұмыс басталады", - дейді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Биданов.

Аудан басшыларының айтуынша, құбырдың құрғап қалуы су деңгейінің күрт түсуіне байланысты. Оны геологиялық зерттеу жасаған мамандар анықтапты. Бұдан шығар жол – тереңдігі 100 метр ұңғыма қазу. Жаңа құбыр тартылғанша, осы ұңғымамен амалдай тұруға тура келеді. Әзірге бұл мәселе де құрғақ уәде болып қалды.

Дереккөз: КТК телеарнасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910667-aqmola-oblysynda-on-zyl-boiy-auyzsusyz-otyrgan-auyl-turgyndary-kosege-syqty/

pixel