Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтанда тағы бір 6 жолақты көше пайда болады

Опубликовано:

Жол жөндеу
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қалада жүргізіліп жатқан абаттандыру, жол жөндеу жұмыстарының барысы жайлы айтып берді.

"Тұрғындарға қалада қолайлы өмір сүру үшін жағдай жасаудағы басымдықтардың бірі – жолдарды салу және жөндеу, қоғамдық көлікке арналған Bus Lane желісін кеңейту, веложол құру. Елордадағы климаттық жағдайға байланысты абаттандыру мен жол жұмыстарын жүргізу маусымы қысқа. Жылыту маусымы 7 айға дейін созылады. Дегенмен қолайлы жағдайлар туындағаннан кейін қалада жолдарды жөндеу және аудандарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Биыл 100-ден астам көшені салып, жөндейміз. Өткен жылдағыдай, қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге баса назар аударамыз. Бүгін бірқатар көшелердегі жол жұмыстарының барысымен таныстым. Мысалы, Ю.Малахов көшесінде (Р.Дүйсенбаев көшесінен Сусамыр көшесіне дейін), Космонавтов көшесінде (Қабанбай батыр даңғылынан Арай көшесіне дейін), М.Төлебаев көшесінде (Б.Момышұлы даңғылынан Р.Қошқарбаев даңғылына дейін), М.Горький көшесінде (Ж.Жабаев көшесінен Т.Мұсабаев көшесіне дейін) және т. б. ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге тағы 37 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Цирк ғимаратының айналасында жолдың орташа жөндеуі аяқталды. Ол бойынша бірнеше рет өтініштер келіп түсті.

Сонымен қатар Түркістан көшесінің бойындағы (Ұлы дала даңғылынан Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін) бөлу жолағын қайта жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жолды төрт жолақтан алты жолаққа дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жазда Bus Lane жолағын іске қосамыз. Сондай-ақ сол учаскеде саябақ пайда болады. Өткен жылы, мысалы, бөлу жолағы Мәңгілік Ел даңғылы бойынша бөлшектелді. Бұл машиналар ағынын азайтуға мүмкіндік берді.

Сапасыз жөнделген және салынған жолдарды қабылдамаймыз. Мердігер өз есебінен қалпына келтіреді, ал жұмысына немқұрайлы қарайтын компаниялармен келісімшарттарды тоқтатамыз.

Өткен жылы 173-тен астам көшені, соның ішінде қаланың елді мекендеріндегі көшелерді жөндедік. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу саласында 4 мыңнан астам жұмысшы орны құрылды", – деп жазды елорда әкімі Instagram парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910776-nur-sultanda-tagy-bir-kose-6-zolaqty-bolady/

pixel