Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бізде тіпті жіп те шықпайды": Елордалық тігінші отандық өнімнің неге қымбат екенін айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл облысының тумасы Айнұр Заурбекова осыдан бірнеше жыл бұрын астанаға көшіп келіп, перде тігу кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер келіншек. 9-сыныптан кейін "СПТУ" бітірген ісмер тігінші кәсібін бастаған сәтте талай қиындықтарға душар болған, алайда соған қарамастан бүгінде елордадағы белгілі тігіншілердің біріне айналған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туып өскен Айнұр Заурбекованың жасы 33-те. Үш баланың анасы атанып отырған ол перде тігу ісіне қалай келгенін айтып берді.

"9-шы сыныптан кейін СПТУ-ға түсіп, сонда киім тігу мамандығын бітіріп шықтым. Бірақ шынымды айтсам мамандығым бойынша жұмыс істеп көрмедім. Сөйтіп 2006 жылы оқуды бітіріп, 2007 жылы алысқа бармай, Байзақ ауданының жігітіне тұрмысқа шығып, Жетібай ауылының келіні атандым.

Сол жылдары ауылдағылардың көбі астанаға жұмыс іздеп кетіп жатты. Біз де елден қалмай, осы жаққа жұмыс істейміз деп көшіп келдік. Сөйтіп жүргенде, екі баламды дүниеге әкелдім. Үйде құр қол отырамын ба деп жұмыс іздей бастадым. Ол кезде жұмысты газеттен іздеуші едік қой. Сондай газеттердің бірін алып, жұмыс қарай бастадым", - дейді кәсіпкер келіншек.

Айтуынша, сондай басылымдардың бірінен "перде салонына тігінші керек" деген хабарламаны көріп, сол жерге 50 мың теңге айлыққа жұмысқа тұрған.

"2011 жылдары ондай айлық кәдімгідей жақсы айлық болатын. Сөйтіп 2014 жылға дейін біраз перде салондарын ауыстырып, тәжірибе жинап алдым. Арасында үшінші баламды да дүниеге келді. Бір күні қашанғы біреуге жұмыс істеймін, мүмкін өзіме жұмыс істейтін уақыт келген шығар деп, қазіргі "Орталық базардан" 9 квадраттық бутикті жалға алып, жұмысты бастап кеттім.

Сол кезде маған қолдау көрсеткен осындағы әкемнің інісі – көкем, әпкем мен жолдасыма әлі де алғысымды айтып келемін. 1 жасымда әкесіз қалғандықтан, көкемді әкемдей көремін. Осы кісілердің демеуімен ең алғаш кәсібімді бастап, бүгінде осы салада жүрген жайым бар", - дейді Айнұр Заурбекова.

Кәсіпкердің сөзінше, ол бұл істе талай рет алданып, банкротқа да ұшыраған.

"Алданғанда өзімнің аңғалдығымнан, бизнесте білімім жоқтығынан болды. Бірақ қанша ақша екенін де санамаппын. Негізі біреуді кінәлап, оған ренжіп, соның кесірі дегеннен аулақпын. Әр адам өзі ойлану керек. Сондықтан өзімнің аңғалдығымнан деп білем. Сол кездердегі қиналған, күйзелген кездерді қазір еске алсам, "өмірдің сабағы" екен деп ойлаймын. Себебі егер сондай қиындықтар болмаса, мен қазіргі күнге жетпес едім. Яғни, кеткен уақыт пен ақшаға мен тәжірибе сатып алған екенмін.

Шынын айтқанда мен сол базардан көп тәжірибе жинадым. Себебі салонда сен тек айлыққа жұмыс істейсің, тапсырыстың көптігіне қарамастан тек тұрақты айлық алып отырасың. Ал базарда, өзіңе жұмыс жасаған соң, бәрін үйренуге тура келді.

Тіге алмасам да, "тігемін, тіге аламын" деп тапсырыстарды үйге алып кетіп, таң атқанға дейін, көз ілмей тіккен кездерім өте көп болды. Тіге алмаймын, білмеймін дегенді айтпадым. Айтсам ешкім тапсырыс бермей қоятын еді, қазір ойласам, қалай қорықпай тапсырыстарды алғанмын", - деп сол күндерін күле еске алады Айнұр.

Сұхбат барысында Айнұр отандық өнімнің не себепті қымбат болатынын да түсіндіріп өтті.

"Отандық өнімге келер болсақ, бізде тіпті жіп те шықпайды. Оның өзі Қытайдан келеді. Әзірге Түркиядан мата алдырамын. Қазір алған тауарымыздың барлығын доллар бағасымен төлейміз. Білесіз доллардың тұрақсыздығынан бағамыз да өсіп кетіп жатады. Себебі бөліп төлеу арқылы жұмыс істейміз. Қазіргі жағдайда карантиннің кесірінен тауарларымыз уақытында келмейді, келмей жатыр. Былтыр карантинде сауда тоқтап кішкене қиналып қалдық, сауда жасамай үйде отырып қалдық", - дейді ол.

Кәсіп бастаудағы талай қиындықтарға қарамастан, Айнұр Заурбекова бүгінде елордадағы танымал тігіншіге айналып отыр.

"Клиенттерімнің арасында Қарақат Әбілдина, Сая Абдуғани, Құралай ханым сияқты танымал тұлғалар да бар. Блогерлермен де біраз жұмыс жасадым. Қазір перде сатумен бірге, пердеге қажет әшекейлер мен аксессуарлар бутигін де аштық", - деп сөзін түйіндеді кәсіпкер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911107-bankort-bolyp-talai-aldandyq-elordalyq-perde-tiginsisi-tabysqa-zetuinin-qupiyasymen-bolisti/

pixel