RU

Өскемендегі дүкен сөрелерінен бала ағзасына қауіпті ойыншықтар табылды

ойыншық1
Фото: Хабар24

Өскемендегі дүкен сөрелерінен алынған ойыншықтар бала ағзасына қауіпті болып шықты. Оларды тексерген мамандар кейбір ойыншық түрін жалаң қолмен ұстауға болмайтынын айтады деп хабарлайды Хабар24.

Өйткені олардың құрамында фенол, формальдегид сынды қоспалары мөлшерден екі есе артық екен. Бұл қоспалар ас ішерде баланың алдына тағатын пластикалық жапқыштардың құрамында да көп кездескен.

Мамандардың сөзінше, формальдегидтің ойыншық құрамында тым көп болуы қатерлі ісік ауруына шалдықтыруы ықтимал.

Қауіпті ойыншықтардың көпшілігі Қытай мен Өзбекстанда өндірілген. Енді мамандар сол елдерге тиісті құжаттар жібермекші. Ал сатушылар мен импорттаушылар айыппұл төлемек.

"Біз қандай шаралар қолдана аламыз деген сұраққа келетін болсақ, осы ойыншықтар сатылымнан алынады. Екіншіден, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырамыз. Үшіншіден, барлық талапқа сәйкестік туралы құжаттың күші жойылып, бұл тауарларды өндіру мүлдем тоқтатылуы да ықтимал", - дейді ШҚО санитариялық–эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алёна Кравченко.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облсының базарлары мен дүкендерінде көздің қызаруы мен тұншығуды тудыратын улы ойыншықтар сатылғанын хабарлаған едік.

Олардың құрамынан фенол табылған.

Осы орайда мамандар ойыншық сатып алар алдында тауардың таңбасына мұқият қарап, тауардың сертификатын талап етуге кеңес беріп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911476-oskemendegi-duken-sorelerinen-bala-agzasyna-qauipti-oiynsyqtar-tabyldy/