Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Несиелері бар": Офицер-әйел жастардың 25 пайызы неліктен әскерге жарамсыз екенін айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Азаттық рухы

Гаухар Сырлыбаева – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қорғаныс істері саласындағы лауазымды орынға тағайындалған алғашқы офицер-әйел. Ол Алматы қаласы Алатау аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Әскери салаға 28 жылын арнаған полковник Гаухар Сырлыбаева жастардың 20-25 пайызы неліктен әскерге жарамсыз екенін айтты деп хабарлайды Азаттық рухы.

Офицер әйел көктемгі немесе күзгі әскерге шақыру кезінде 2 мыңға жуық жігіттің денсаулығын тексеріп, ішінен мықты деген 150-170 адамды таңдап, Отан қорғауға жіберетінін жеткізді.

"Жергілікті халықпен де тығыз жұмыс істейміз. 16-ға толған ұлдарды тіркеу, олардың денсаулығын бақылау, 18 жасқа толғандарын тұрақты тексерістен өткізіп, шекараға, мемлекеттік маңызды мекемелерді күзетуге, гарнизондарға жіберу оңай емес. Жігіттер ғана емес, олардың ата-аналарымен де жеке-жеке кездесу өткіземіз. Ата-аналардың көбі психолгогиялық кеңестен кейін ғана балаларын әскерге жіберуге келісіп жатады. Одан бөлек, әскери полигонға дайындыққа барамыз. Түнгі, таңғы уақыттарда дабылмен жиналамыз. Қорғаныс саласындағы адамдар шұғыл жағдайға үнемі дайын болу керек", - деді ол.

Сонымен қатар, Гаухар Сырлыбаева жігіттердің әскерге баруына ата-аналар да қарсылық білдіретінін жоққа шығармады.

"Ата-аналар әскерге балаларын жіберуге қарсылық танытады. Қорқады. Әсіресе аналар ұлын әскерге жібергісі келмейді. Мұндай кезде жағдайды жан-жақты түсіндіреміз. Жауапкершілік бізде де бар.

Отан алдындағы борышын өтеуге баратын сарбаздарға қазір жақсы жағдай жасалған. Бұрынғыдай әлімжеттік жоқ, тамақ, киім түгел. Психологиялық кеңестен соң баласының әскерге баруына келіседі. Кейін баласының пісіп, ысылып келгенін көргенде рақметін айтып жатады.

Ал әскерге әкететін жігіттердің өздеріне келер болсақ, көбінің басында несие бар. Содан қорқады. Несиелеріне пайыздық үстеме көп қосылып кете ме деп алаңдайды. Бұндай жағдайда біз банкке хат жазып, үзіліс беруді сұраймыз. Ал, отбасындағы жағдайы нашар болса, түрлі әлеуметтік топқа жататын болса, баласы үйдің асыраушысы болса оларды бірден әскерге алып кетпейміз, жағдайына қараймыз", - деді полковник.

Одан бөлек, офицер әйел жас жігіттердің денсаулығында көп кездесетін кінәраттарды атады.

"Биыл 2004 жылы туған балаларды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонға көп қарайды.

Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да көп кездеседі. Балалардың денсаулығы нашарлап барады. Ондай жағдайда біз емделіп келуге уақыт береміз. Көз ауруынан бөлек, белі нашар, омыртқасы ауыратын жігіттер көп. Сосын, асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын.

Мен осында шақырған жігіттерді көрген сәттен бастап олардың әскерге дайын немесе дайын емес екенін бірден байқаймын. Әскерге барамыз деп ұмтылып тұрған жігіттер денсаулығы нашар болғандықтан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда әскерге жарамсыз деген әскери билетті береміз. Жігіттердің шамамен 20-25 % әскерге жарамсыз", - деді Гаухар Сырлыбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911573-nesie-bar-oficer-aiel-elimizdegi-zastardyn-25-paiyzy-nelikten-askerge-zaramsyz-ekenin-aitty/

pixel