Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қадір түнінде ғажайыпқа куә болған бойжеткен ерекше оқиғаны еске алды

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: shubka-rus.ru

Рамазан айының соңғы он күнінде барша мұсылман жұрты қасиетті Қадір түнін күтеді. Бұл түн дұға-тілектерге, жаратқанға құлшылық етуге арналады. Алайда, бұл түні үйде дастархан жайып, тілек тілеп, Қыдыр атаның үйіне келуін күтетіндер де жоқ емес. Әсіресе, мектеп жасындағы оқушылардың қасиетті түнді ұйықтамай, бір ғажайыпты күтумен өткізетіні туралы айтушылар көп. Солардың бірі – Жамбыл облысының тұрғыны Айгүл. Бүгінде жоғарғы оқу орнын бітіріп, білікті маман атанған ол бала күнінде Қадір түнін күтемін деп, шын ғажайыпқа куә болғанын жасырған жоқ деп жазады KAZ.NUR.KZ

Айгүл қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол бала күнінде Қадір түнін ерекше күтетін. Себебі, барша періштелер жерге түсіп, дұға-тілек қабыл болатынын түні ол тек жақсылықтардан үмітті болған.

«Әрине, қазір менің бұл айтқанымды көпшілік дұрыс түсінбеуі мүмкін. Бой жетіп, ақыл тоқтатып, дін туралы білімім тереңдеген соң, Қадір түнінің қасиетін одан әрі ұғына түстім. Қазір бала күнімдегі секілді Қадір түнін дастархан жайып күтпесем де, жыл сайын дұға-тілектерімді тоқтатпай, мешітте немесе құрбыларыммен күтуді әдетке айналдырдым. Десе де, бала күнімде болған оқиға әлі күнге дейін есімде»,- дейді Айгүл.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген ол бала күнінде Қадір түнін таңға дейін көз ілмей өткізіп, төрге дастархан жаюды ұмытпаған.

«Бала көңілмен Қадір түнінде дастархан жайып қоятынбыз. Сол бір қасиетті түні ерекше мейірімді қария біздің үйге соғып кететіндей көрінетін. Төменгі сыныптарда оқып жүргенде отбасымызбен Қадір түнін күттік. Төргі бөлмеге дастархан жайып, үйдегі бар діни кітапшаларға көз жүгіртіп, бар арман-тілегімізді іштей күбірлеп, таң атқанын да байқамай қалыппыз. Бар білерім – дастарханды жайып қойғанымыз болмаса, шай-тамақ ішкен емеспіз. Жеті шелпек те, стол басындағы барлық тағамдар да түртілген жоқ.
Таң қылау бергесін, ұйқы да қыса бастады. Сол кезде дастарханды жинап жүріп, қантқа көзім түсіп кетті. Кесеге салынған кәдімгі құмшекердің үстінде айшық бейнесі тұр. Мұндай айшықты мен ауылымыздағы мешіт төбесінен ғана көретінмін. Ешкім дастарханға жақындаған жоқ, сол себепті, оның үйдегі адамдардың жасауы да мүмкін емес. Шыны керек, сол сәтте мен мұны жақсылыққа жорыдым. Қазір есіме түссе, бұл оқиғаның қаншалықты дұрыс екенін ойлай бастаймын. Бірақ бала көңілім сол түні жақсылықтың нышаны болғанына сенді», - дейді Айгүл.

Бүгінде Айгүл өзінің сүйікті мамандығы бойынша жұмыс істеп, діни сауаттылығын одан әрі арттыруда. Ол барша мұсылмандарды қасиетті түнде дұға-тілекте және жақсы ойда болуға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911591-qadir-tuninde-gazaiypqa-kua-bolgan-boizetken-erekse-oqigany-eske-aldy/

pixel