RU

Вакцина салдырмағандарға талап өзгерді: Қызылордада жаңа қаулы жарияланды

Екпе
Көрнекі фото: pexels.com

Қызылорда облысының бас санитар дәрігері Динара Жаңабергенова карантин режимі туралы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Аталған өңір коронавирустың таралу деңгейі бойынша "қызылдан" "сарыға" екі күн бұрын көшкен болатын.

Осыған орай, өңірдегі балалар денсаулығын сауықтыру орталықтарының қызметіне рұқсат етілді.

"Алайда, орын санының толу деңгейі 30%-тен аспауы керек және тәрбиешілер вакцина қабылдаған болуы тиіс", – деді Жаңабергенова.

Сол сияқты тамақ өнімдерін сататын супермаркеттер мен гипермаркеттердің де қалыпты жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

"Азық-түлік және оған жатпайтын ашық аспан астындағы базарларға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды. Бұл нысандар штаттық режимде жұмыс істей алады", – деді облыстың бас санитар дәрігері.

Сонымен қатар, ол аймақтық мекемелердің жұмысына қатысты кейбір өзгерістерді атап өтті.

"Егер COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған болса, жұмысты қашықтан атқаруы мүмкін емес қызметкерлерден басқаның бәрі қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылады", – деді Жаңабергенова.

Айта кетейік, Қызылорда облысының мешіттері мен православ шіркеулерінде және басқа да діни орындарда ашық аспан астында ұжымдық діни іс-шаралар өткізуіне рұқсат.

Санитар дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес Қызылорда облысындағы барлық тамақтану орындары енді сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін, ал шағын асханалар 24.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Жаңабергенованың айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясына қатысты жағдай әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911640-vakcina-saldyrmagandarga-talap-ozgerdi-qyzylordada-zana-qauly-zariyalandy/