RU

Тоқаев ШҚО-дағы өрттен зардап шеккендерге үй беруді тапсырды

Фото
Фото: ШҚО ТЖД

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені Президент өз бақылауында ұстап отыр", - деді Берік Уәли.

Айта кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, қызыл жалын тұрғын үйлерге жеткенін жазған едік.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі желдің салдарынан өрт Лесхоз кентінің 14 үйіне жайылғанын хабарлаған болатын.

Кейінірек ШҚО-да полиция қызметкерлері өрт аумағынан бір әйелдің мәйітін тапты. Одан бөлек, зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілгені айтылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911775-sqo-dagy-orman-orti-toqaev-ortten-zardap-sekkenderge-komek-korsetudi-tapsyrdy/