Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас мүфти қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Опубликовано:

Мешіт
Фото: gov.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен құттықтады деп хабарлайды muftyat.kz.

Бас мүфти Ораза айт – жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам екенін атап өтті.

"Айт сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген ұғымды білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мереке. Алла Тағала: ...Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн... дейді.  Жаратушы Иеміз сіз бен біздің қуанышты күндерімізді еселей түссін деп тілеймін", - деді ол.

Жер бетіндегі күллі мұсылман үмбеті айт күндері хал сұрасып, бір-бірін құттықтап, мәре-сәре күй кешеді. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, оларды да қуанышқа бөлейді.

"Ораза айт – отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында ауызашар қораптарын таратып, қайырымдылық жобаларын жүзеге асырғанын атап өтті. Ол осы игі іске атсалысқан еріктілерге, демеушілер мен жомарт жандарға айрықша алғыс білдірді.

Пандемияны ескеріп, діни басқарманың пәтуасы мен мешіт тәртібіне бағынып, құлшылығын үйде орындап, оразасын оқшау түрде ұстаған жамағатқа ризашылығын жеткізді.

Ол әр отбасына жақсылық, оразадан оразаға аман-есен жетуді, жұқпалы індеттің тезірек жойылуын тіледі.

Бүгін, 12 мамыр – қасиетті Рамазан айының соңғы күні. Ал ертең, 13 мамырда мұсылман қауымы үшін ұлық мереке – Ораза айт басталады.

Биыл Ораза айт намазы мешіттердің ауласында оқылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912136-bas-mufti-qazaqstandyqtardy-oraza-ait-merekesimen-quttyqtady/

pixel