Түркістандық мектеп оқушылары әлі күнге дейін сырттағы әжетханаға баруға мәжбүр (видео)
Жарияланған күні:
Мектеп ішінде әжетхананың болмауы Түркістан облысының тек ауылдық жерлерінде ғана емес, Түркістан қаласындағы білім ошақтарында да кездеседі. Бірінің ішінде әжетханасы мүлде жоқ болса, бірі жұмыс істемейді деп хабарлайды "Хабар 24".
Еліміздегі мектебі көп аймаққа жататын Түркістан облысында 900-ден астам білім ошағы бар. Осыдан 2 жыл бұрын өңірдегі 600-ге тарта мектептің әжетханасы сыртта орналасқан болатын. Жергілікті билік өткен жылдың соңына дейін мектеп ауласындағы әжетхананың барлығын ішке кіргізіп, бұл мәселеге біржола нүкте қоюға уәде берген еді.
Мәселе толығымен шешілген-шешілмегенін анықтау үшін арна тілшілері бірнеше мектепке бас сұғып көрді. 350 балаға арналған Түркістан қаласындағы Шарап Ниязов атындағы мектепте бүгінде екі ауысымда 700 бала оқып жүр. Мектеп ішінде әжетхана болғанымен судың қысымы төмен дейді мектеп басшылығы. Жағымсыз иіс шығып кететін болғандықтан есігін жауып, құлыптап қойған. Оның үстіне әжетхана құбыры орталықтандырылған кәріз жүйесіне де қосылмаған екен.
"Іштегі туалеттің канализациясы толып кетуіне байланысты бүгінгі таңда істемей тұрғаны рас", - дейді Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Үсен Деметов.
Ал шаһардағы Ғани Мұратбаев атындағы мектепте 626 бала білім алады. Мектеп директорының міндетін атқарушы Жанар Киізбаеваның айтуынша, бұған дейін білім ошағының ішінде әжетхана болмаған.
"Оқушылар сыртқа барады. Ішке әжетханаға ақша қарастырылған. Биыл қаладағы бірнеше мектепке ішке орналастырып береді деп жатыр. Осы мамыр айынан бастайды. Қанша қаржы бөлінгенін мен білмеймін", - дейді Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы ора мектеп директорының м.а. Жанар Киізбаева.
Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернатта болса, 600 бала білім алады. Осыдан екі жыл бұрын бұл интернаттың ішінде әжетхана жоқ болатын. Балалар сырттағысына баратын. Былтыр мектеп ішіне әжетхана орнатылды.
"Мектептің ішіндегі әжетханалар қалпына келтіріліп, қазір жүз пайыз істеп тұр. Сырттағы қазір пайдаланылмайды. Балалар іштегіге барады", - дейді С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатының директоры Әбдірзақ Өтекеев.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар өңірдегі мектептердің 80-90 пайызының әжетханасы ішке көшірілгенін, қалған 59 мектептің мәселесі биыл шешілетінін жеткізді.
"Жалпы олардың барлығының жобалық-сметалық құжаттары жасалып қойған. Дайын тұр. Алдағы бюджетті нақтылау барысында бюджеттік комиссияға ұсынатын боламыз. Бюджет қаралатын болса, биылғы жылы әжетхана мәселесі толықтай шешіледі", - дейді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев.
Ал облыс орталығында Ататүрік мектеп-гимназиясында ғана "Қауіпсіз мектеп" жобасы жүзеге асырылған. Мұндағы 50-ге жуық бейнебақылау камерасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дейді мамандар. Білім саласына жауаптылардың айтуынша, бұл жүйені шаһардағы барлық мектепке енгізу жоспары бар.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912240-turkistandyq-mektep-oqusylary-ali-kunge-deiin-syrttagy-azetxanaga-baruga-mazbur-video/