Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда шашын салонда боятқан әйел жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Оралда әйел сұлулық салонында шашын боятқаннан кейін жансақтау бөліміне түсті деп хабарлайды Мой город порталы.

38 жастағы Зүлфия Длимбетова 10 мамыр күні Zama салонына модель ретінде шаш боятуға барған. Оны арнайы маманның бақылауымен стажер жасап, клиент тек пайдаланылған материал үшін ақы төлеуі керек болған. Әйел дәл осы салонға бірінші рет келгенін айтты.

"Мен қаланың әр түрлі салондарында шашымды боятатынмын, алайда ол жерлерде талапқа сәйкес сынама жүргізетін. Zаmа салонында Супру оксидантын араластырды да, екі стажер шашымды бояды. Қасымызда отырған маман бақылап отырды. Осы арада тағы бір клиент келіп, ол шаш қиюға кетіп қалды. Сонымен қатар ол жерде басқа бір клиенттің шашын қиып жатқан салон иесі де бар еді", - дейді жәбірленуші.

Зүлфия оксидантты қолданғаннан кейін 20 минуттан соң оның алақаны мен беті қатты қыши бастағанын, кейін бүкіл денесіне тарағанын еске салды. Сол уақытта ол стажерден бояуды жуып тастап, маманды шақыруды өтінген.

Алайда Оксана есімді шебердің "Бәрінде болады, 20 минут күтсін, кейін жуып тастаймыз", - дегенін жеткізді Зүлфия.   

15 минуттан кейін жәбірленуші ауа жетпей, тұншығып, құлап түскен. Осы кезде стажер жедел жәрдем шақыруға талпынғанмен салондағылар тыйым салыпты.

Салонның қожайыны Хадиша есімді әйел өзінің дәрігеріне хабарласып кеңес алған көрінеді.

"Дәрігермен сөйлескеннен кейін олар маған валерьянка беруге тырысты, алайда менің тіпті су жұтуға шамам болмады, ісініп кеттім. Тырнақтарыма дейін көгеріп кетті", - дейді Зүлфия.

Кейін жедел жәрдем қызметкерлері келіп, әйелді ауруханаға алып кеткен. Медициналық мекемеде оған квинке ісігі мен анафилаксиялық шок диагнозы қойылды.

Зүлфия бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатқанын, дәрігерлердің көмегімен аман қалғанын мойындап отыр.  

Зардап шеккен әйелдің сөзінше, осы уақыт аралығында оған салоннан ешкім қоңырау шалмаған, кешірім де сұрамаған.

Осы оқиғадан кейін ағасы салон иесінен жарты миллион көлемінде шығын өтеуін сұраған.

Салон иесі саудаласып, маусымға дейін 300 мың теңге ғана беретінін алға тартқан.

"Маған бұл ақша керек емес, заңға сәйкес әрекет етемін. Егер мен өліп кетсем, 500 мың теңге менің кәмелетке толмаған үш баламды құтқара алмас еді", - деп баса айтты Зүлфия.

Ол салон қызметкерлері бұл оқиғаны жарияламауды өтінгенін айтты. Салон қожайыны тіпті ағасы екеуін "алаяқ" деп айыптап, олардың ақша бопсалаумен айналысатынын жеткізген.

Ал Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі әйелдің анафилаксиялық шок диагнозымен қалалық көпсалалы ауруханаға түскенін растады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912293-oralda-sasyn-salonda-boyatqan-aiel-zansaqtau-boliminen-bir-aq-syqty/

pixel