RU

Пандемиялар адамзат жойылғанша бірінен соң бірі бола беретіні рас па

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазнет қолданушылары арасында COVID-19 пандемиясы Жер халқы айтарлықтай азайғанша бірінен соң бірі болатын көптеген індеттердің біріншісі ғана деген ақпарат тарауда. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын stopfake.kz сайты тексеріп көрді.

Мұндай ақпаратты Telegram-да таратушылардың пікірінше, пандемия - әлемдік үкіметтің жоспарларының бірі. Олар бұл теориясының дәлелі ретінде байланыс саласындағы мамандарға арналған оқу құралын ұсынып отыр. Оны Джонс Хопкинс Университетінің мамандары әзірлеген. Оқу құралы The Spars Pandemic 2025-2028 деп аталады және желіде тараған жалған ақпарат оқулықтың PDF нұсқасының алтыншы бетінде айтылған ойдан шығарылған пандемия сценарийіне негізделген.

Осы орайда stopfake.kz сайты белгілі бір әлемдік үкімет Жер халқының басым бөлігін жоюға тырысуда деген тұжырым дәлелденбегенін ескертеді. Мұндай үкіметтің де, қатерлі жоспарлардың да бар екендігіне ешқандай дәлелдер жоқ.

COVID-19 пандемиясы тарихтағы соңғы індет болмауы ықтимал. Бірақ қай патогеннің жаңа аурудың өршуіне әкелетінін және оның қашан болатынын болжау мүмкін емес. Адамзат тарихында пандемиялар болған және оларды ойдан шығарылған немесе әлемдік үкімет жасаған деп айтуға негіз жоқ.

Демек, пандемия арқылы адамзаттың біртіндеп жойылатыны туралы мәлімдемелер де дәлелсіз. Бұл тезистер кеңінен тараған және бірнеше рет теріске шығарылған қастандық теориялары болып табылады, ал болашаққа қатысты болжамдар негізсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912320-pandemiyalar-adamzat-zoiylgansa-birinen-son-biri-bola-beretini-ras-pa/