Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған Әсел Айтпаевамен қоштасуға бүкіл ауыл келді (видео)
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан маңындағы ауылда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева жер қойнына тапсырылды. Ол Грузия астанасында көз жұмған болатын. Әселмен қоштасуға бүкіл ауыл жиналған деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Әсел өзге елге кетер алдында елордадағы фитнес орталықта әкімгер болып қызмет еткен. Бірақ ауылдағы ата-анасына жиі келіп тұрған.
Айтпаевтар отбасына көңіл айтуға достары, бұрынғы әріптестері мен ауылдастары келген. Әселдің артында ата-анасы, үлкен әпкесі мен 16 жастағы інісі қалды.
Дереккөз: КТК телеарнасы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Грузия астанасы Тбилисиде қайтыс болған Әсел Айтпаеваның денесі 12 мамырда елордаға жеткізілген еді.
Айта кетейік, 5 мамырда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева Тбилисидегі үйлердің бірінің терезесі маңынан өлі күйінде табылған еді.
Кейінірек Грузияның 57 жастағы азаматы қамауға алынды. Елдің бас прокуратурасы оған қызды зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермеледі деген айып таққан. Егер оның кінәсі дәлелденсе, онда ол алдағы 10 жылын колонияда өткізуі мүмкін.
Желіде марқұм мен күдіктінің арасындағы сөйлесудің жазбасы пайда болды. Жазбада ер адамның қызға қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын естуге болады.
Дегенмен күдіктінің қорғаушысы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, мәлімдеме жасады. Адвокат Лаша Шукакидзенің сөзінше, күдікті марқұммен жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті ол екеуінің үйленбек болғанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912454-gruziyada-zumbaq-zagdaida-koz-zumgan-asel-aitpaevamen-qostasuga-bukil-auyl-keldi-video/