Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы шарықтаған: Бір жылда әр отбасы қанша теңге жұмсады

Опубликовано:

ДәріДәрі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы шарықтап кетті. Жыл ішінде препараттардың құны кейбір аймақта 20 пайызға өскен деп хабарлайды КТК арнасы.

Осылайша жұрт дәрі-дәрмекке әлдеқайда көп шығындануда. Бір жылда әр отбасы ем-домына қажетін сатып алуға орта есеппен 47 мың жұмсағаны анықталып отыр.

Халық дәрі-дәрмек құны сарапшылар есептеген бағадан шын мәнінде әлдеқайда қымбат екенін айтуда. Елімізде ең қымбат дәрі-дәрмек Маңғыстау облысында болып отыр. Мұнда дәріханадағы тауарлардың бағасы бір жылда 23 пайызға өскен.

Дәрінің қымбаттау, әсіресе созылмалы аурумен тіркеуде тұрғандардың қалтасына салмақ түсіруде. Мәселен, қант диабетімен ауыратындарға қажет дәрілердің бірі бұрын 3 мың теңге тұрса, бүгінде 5200-ден сатылып жатыр.

"Зейнетақымның бәрі дәріге кетеді. Былтыр 740 теңгеге алып жүрген препарат қазір 1400 теңге. Қан қысымын реттейтін 1360 теңгелік дәрі 2610 теңге. Яғни еке есеге қымбаттаған", - дейді Ақтау тұрғыны Тамара Қанғожина.

Ал Ақмола облысында дәрі-дәрмек құны 11,5 пайызға өскен. Кейбір науқас жаны қысылғанда тауарды бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр.

"Міне, дәл қазір дәріханадан келе жатырмын. Жүрек ауруына арналған препаратты 1500 теңгеге сатып алдым. Ішінде бар-жоғы 25 түйір дәрі. Бір айға да жетпейді", - дейді Көкшетау тұрғыны Тамара Данилова.

Сарапшылар еліміздің дәріханаларында, әсіресе йод спиртті ерітіндісінің қымбаттап кеткенін айтады. Оның бағасы шамамен 20 пайызға өсіпті. Этил спирті бұрынғыдан 16,8 пайызға жоғары бағада сатылуда. Сұранысқа ие бауырға арналған дәрілердің бірі 17 пайызға қымбаттаған екен.

Жүрек ауруын емдейтін дәрілердің бағасы 16,3 пайызға өскен. Ал, жұрт жиі қолданатын мұрын тамшысы былтырғыдан 11,8 пайызға қымбаттаған.

Экономистер фармацевтика нарығындағы қымбатшылықты бірінші кезекте пандемиямен байланыстырып отыр. Себебі, сырқаттанып қалғандар көбейіп, сәйкесінше дәріхана клиенттері де артқан. Ал сұраныстың өсуі бағаның көтерілуіне алып келген. Айналымдағы ақша массасының ұлғаюы, сондай-ақ теңге бағамы да дәрі-дәрмек бағасына кері әсер еткен.

"Бізде елімізде фармацевтикалық комапниялар болғанымен де, ол өзіміздің ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп тұрған жоқ. Бәрібір 80 пайыздан астам дәрі-дәрмекті біз шетелден импорттаймыз. Сондықтан да шетелден келетін дәрі-дәрмектер бағасының курсқа да тікелей қатысы бар. Егер де теңгеміз әлсіреп жатса, олар доллармен келгендіктен бағасы да өсіп жатыр", - дейді экономист Мақсат Халық.

Тапқан табысы дәріден артылмай отырған тұрғындар жауаптылардың бағаны тезірек реттеп беруін сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912478-elimizde-dari-darmek-bagasy-saryqtagan-bir-zylda-ar-otbasy-qansa-tenge-zumsady/

pixel