RU

“Әйел асырап келген": СҚО полицейлері альфонстың әрекетін әшкереледі

альфонс
Көрнекі фото: pixabay.com

СҚО полицейлері жалған сезімді ермек қылған теміртаулық альфонсты ұстады деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласының ПБ әріптестерімен бірлесіп, айласын асыра бірнеше ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген Теміртау қаласының тұрғынын қолға түсірді.

Бұрын сотты болған 34 жастағы ер адам жалғыз басты бикештермен танысып, олардың сеніміне кіріп алған соң 1-2 айдан кейін өз айласын іске асырып отырған. Азамат ыңғайлы сәтті пайдаланып, пәтерде жалғыз қалған кезінде үй иесінің заттарын қолды қылып, тайып тұрғаны үшін күдікті болып танылуда.

Мұндай қылмыстар Павлодар, Теміртау, Абай қалаларында жасалған. Альфонс ағымдағы жылғы сәуірден іздеуде болған. Ер адамның Петропавл қаласында болуы ықтимал деген ақпаратты алысымен полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жалдамалы пәтерлер тексерілді. Олардың бірінде жалғыз басты әйел, ал онымен бірге іздестірудегі ер адам тұрып жатты. Ұсталғанға дейін оны әйел асырап келген.

"Сеніміне кірген ер азаматының өзін басқа атпен таныстырғанын, өз кәсібін іске асырмақ болғанын естіген әйел абдырап қалды" , – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов.

Қазіргі кезде күдікті іздеу жариялаған бастамашылар – Теміртау қалалық ПБ Шығыс полиция бөліміне тапсырылды. Жыл басынан криминалдық полиция қызметкерлерімен облыс бойынша іздеуге жарияланған жеті қылмыскер анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912551-aiel-asyrap-kelgen-sqo-policeileri-alfonstyn-areketin-askereledi/