Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақша Джаке дейміз": Австралиялық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Instagram/kazakhaussie

Алматылық Сәуле Паркер 2013 жылы Австралияға қоныс аударып, сол жақта өзінің жұбайы Джастин Паркермен танысқан. Бір жыл бойы қыз бен жігіт ретінде кездескен олар кейін отбасын құру туралы шешім қабылдайды. Жас отбасы бүгінде Майра, Сара, Лаура есімді қыздарды тәрбиелеп, екі елдің дәстүрін қатар алып жүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Алматылық Сәуле Паркер осы қалада туып-өсіп, ҚазҰУ-дің экономика факультетін тәмамдаған. Қарапайым журналист пен дәрігердің отбасында тәрбиеленген ол мамандығы бойынша АҚШ-та магистратура оқып, көп жылдар бойы елдің банк қызметінде жұмыс істеген. 2013 жылы болашақ жары Джастин (ред. қазақша Джаке деп атайды) Паркермен танысқан ол бүгінде одан үш қызды дүниеге әкеліп, kazakhaussie блогын жүргізіп отыр.

"Әрине, өз салам бойынша жұмысымды осы елде де жалғастыра беруге болар еді, алайда балаларым кішкентай әрі оларды өсіріп, жеткізу керек болғандықтан, жұмыстан бас тартуыма тура келді. Негізі мұнда көшіп келуіме себепкер болған менің жолдасым Джастин. Қазір біз онымен Майра, Сара, Лаура есімді үш қыз баланы тәрбиелеп отырмыз",-дейді қазақ қызы.

Сәуленің айтуынша Австралияға қоныс аударып жатқан қазақ жастары көп екен. Олардың дені ол жаққа жұмыс бабымен баратын көрінеді.

"Австралияның барлық аймақтары болмаса да, біз тұрып жатқан Батыс Австралия штаты Қазақстанның батыс өңірлеріне қатты ұқсайды. Мұнда да біздегі сияқты мұнай, темір, алюминий, никель, көмір, алтын және т.б. сияқты пайдалы қазбалар көп шығады. Сол себепті еліміздің батыс аймақтарындағы компанияларда жұмыс істейтін мамандар Австралияға жүмыс бойынша жол түсіп, осы жақта қалып қойып жатады.

Ал кейбірі қайтадан елге қайтады. Негізі олармен жиі кездесудің сәті түсе бермейді. Себебі әрқайсысының өз отбасы, жұмысы бар дегендей. Бірақ мейрамдарда бас қосуға тырысамыз. Мысалы, жыл сайын наурызды думандатып атап өтеміз. Кейде тіпті наурызды тойлау жағынан Қазақстаннан да асып түсеміз ғой деймін",-деп күлді Сәуле Паркер.

Австралиядағы қазақ қызы өздері тұрып жатқан Перт қаласы жайлы да әңгімелеп берді. Айтуынша, онда халықтың жайлы өмірі үшін барлық жағдай жасалған екен.

"Перт Австралияның ең шалғайында жатқан қалалардың бірі. Себебі бізге ең жақын қала Аделаида қаласы болады. Перт қаласынан оған дейінгі ара-қашықтық 2700 км-ді құрайды. Бірақ осыған қарамастан, Пертте адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Ол тіпті әлем бойынша халыққа ең қолайлы қалалардың ішінде 14-орынды алады екен. Мұнда қаланы жобалаудан бастап, түрлі басқа детальдарға дейін – бәрі адамдардың ыңғайлылығы үшін жасалған.

Климаты да қолайлы, қалада қыс болмайды десе болады. Сол себепті балаларым әлі күнге дейін қардың не екенін білмейді. Ал жануарлар әлемі тіптен қызық, мұнда сіз тотықұстар пен пеликандарды тіпті аулаңыздан көре аласыз. Ал қала саябақтарында кенгурулер жүреді. Теңізі қандай әдемі. Көпшілік Австралияда улы өрмекшілер мен жыландар көп деп ойлайды. Алайда мен осында тұрған 7 жылдың ішінде оларды тек бір-екі рет ғана кездестіріппін, оның өзінде оларды үйімнен тыс жерде көріппін.

Халқы жайлы айтар болсам, австралиялықтар өте еңбекқор халық, жемқорлық деген де ұшыраспайды. Сосын мұнда бәрі ашық, әрі заң үстемдік етеді. Бірақ Австралияға қоныс аударуды әрине кез келген азаматтың қалтасы көтере бермейді. Ол үшін көп жұмыс істеп, еңбектену керек. Мұнда мысалы декреттік жәрдемақыны тек жұмысы бар әйелдер, декреттің алғашқы 4 айында ғана алады. Мысалы мен үш қызымда да мемлекеттен бірде бір жәрдемақы алмадым. Мұнда ерлер де, әйелдер де зейнетке 67 жаста шығады. Оны да жақын жылдары тағы көтереміз деп жатыр",-дейді Сәуле.

Қазақ қызы өз сөзінде қайын атасы мен енесі жайлы да айтып берді. Айтуынша, австралиялық қарттар зейнет жасына қарамастан, салауатты өмір салтын ұстануды жөн көреді екен.

"Джастиннің отбасы өте ашық әрі белсенді. Мысалы, менің ата-енем 73-ке келсе де, салауатты өмір салтын ұстанады. Олар орманға апталап барып, сонда саяхаттауы мүмкін. Кейде тіпті ондай менің де қолымнан келе бермейді. Джастин ата-анасына қазақ қызына үйленетінін айтқанда, олар бірден Қазақстанды зерттепті. Сөйтіп Джастин ата-анасы және бауыры Джонотанмен елге келген болатын. Олар Алматы мен елордада болып, тіпті Бурабайға да барып қайтқан. Қазақстан мен менің достарымның қонақжайлылығына тәнті болған Джастиннің туыстары, әлі күнге дейін сол күндерді сағына еске алады",-дейді Сәуле.

Сұхбат соңында Сәуле Австралияға қоныс аударғысы келетін қазақстандықтарға онда барғанда нені ескеру қажеттігін атап өтті.

"Ол үшін ең алдымен ағылшынды жетік меңгеру керек. Егер жұмыс бабымен Австралияға қоныс аударғыларыңыз келсе, сіздің мамандығыңыз бұл жақта сұранысы көп мамандықтардың бірі болу керек және жасыңыз 35-тен аспауы тиіс. Бастысы, бұл елге көшуге сіз дайын болуыңыз керек, себебі австралиялықтардың көзқарасы мен біздікі көп жағдайда сәйкес келе бермейді.

Кейде тіпті осының бәрін ойлап, елімді де сағынамын. Бірақ бұл жалғыз менің басымнан өткен нәрсе емес, мұндағы халықтың үштен бірі босқындар болғандықтан, олардың әрқайсысының басынан өткеретін жайт. Жаңа айтып өткенімдей, осындағы өмірімнің қызықтарын мен өзімнің @kazakhaussie блогымда жазып тұрамын. Австралия жайлы білгісі келетін оқырман, сол жақтан көп қызық мәліметтерді ала алады",-деп әңгімесін аяқтады алматылық келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912810-qazaqsa-dzake-deimiz-avstraliyalyq-zigitke-turmysqa-syqqan-qazaq-qyzy-zaily-ne-bilemiz/