"Қасым мен Жомарт": Егіз ұлдарына президенттің есімін берген отбасы туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Астанада Қасым және Жомарт атты егіз ұл бала дүниеге келді. Жақында қырқынан шыққан балалардың әкесі Ұлттық академиялық кітапханада жұмыс істейді. Егіздердің есімін кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева қойған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Егіздер 30 наурызда дүниеге келген. Ұлдардың туған кездегі салмағы 2,3 кг және 2,1 кг болыпты. Ал бойлары бірдей - 48 см-ден. Нәрестелердің ата-әжесі немерелері мен келінін қырқынан шыққанша күтіп-баптауды өз мойнына алған. Ата-анасының сөзінше, қазір балалардың хал-жағдайы жақсы.
"Егіздер наурыздың 30-ында дүниеге келді. Әкелері Жанболат Кәдірбек - Ұлттық академиялық кітапханада программист болып істейді. Жасы 28-де. Егіздер туғанда кітапхана басшысы аттарын Қасым, Жомарт деп қою туралы ұсынысын айтты, біз келісе кеттік. Ұлым енді үш баланың әкесі болды", - дейді Кәдірбек Мұратбек.
Отағасының сөзінше, олар Қазақстанға 2007 жылы Моңғолиядан көшіп келген.
"Талапкерде өзіміз тұрғызған шағын үйде тұрып жатырмыз. Ал ұлым отбасымен Нұр-Сұлтанда пәтер жалдап тұрады. Қазір уақытша келінім мен немерелерімді қырқынан шығарғанша жанымызға алғанбыз", - дейді егіздердің атасы Кәдірбек Мұратбек.
Қасым мен Жомарт 15 мамырда қырқынан шықты, отбасы мүшелері жақындарын шақырып, шілдеханасын өткізді.
Айта кетейік, Бүгін, 17 мамырда, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 68 жасқа толды. Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы Алматыда әйгілі жазушы Кемел Тоқаев пен мұғалім Тұрар Шабарбаеваның отбасында дүниеге келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912843-qasym-men-zomart-egiz-uldaryna-prezidenttin-esimin-bergen-otbasy-turaly-ne-bilemiz/