Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қалжаға бір табақ қуырдақ әкелді": Шымкенттік дәстүр ақтаулықтарға ұнамай қалды

Жарияланған күні:

Қуырдақ
Қуырдақ: Википедия

Ақтаудан Алматыға көшіп келген жанұя Шымкенттен келін алып, түрлі қызықтардың куәсі болғанын айтуда. Әсіресе, қазақ халқының түрлі салт-дәстүрлерін ұстанатын ақтаулықтар елдің оңтүстігіндегі жөн-жоралғылардың айтарлықтай ерекше екенін таң қалды. Солардың бірі – жасы елуден асқан Ханшайым (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді – ред.). Түбі ақтаулық саналатын ол ұлы Шымкенттің қызын келін етіп түсіргеннен кейінгі қызықты оқиғаларын еске алды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Біздің Маңғыстау өңірі салт-дәстүрлерді берік ұстанады. Кең етек көйлек, оюлы қамзол мен кәжекейді де сәнге қайтадан енгізіп жатырмыз. Ұлтымыздың заңы мен дәстүрін мейілінше берік ұстап жүрген жайымыз бар. Бірақ келін алғалы бері еліміздің әр түкпіріндегі салттардың басқа екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, оңтүстік жақтағы дәстүрлерде айтарлықтай ерекшелік бар екен», - дейді ол.

Ханшайым мен оның отбасы немерелі болғаннан кейінгі шілдехана кезінде аздаған түсініспеушіліктер орын алғанын айтты.

«Баланы қырқынан шығарған соң бесікке салу рәсімі жасалады. Бұл дәстүр еліміздің бар өңіріне ортақ шығар. Оңтүстіктің салты бойынша, келіннің анасы, яғни, құдағиымыз баланың бесігін әкеледі екен. Біздің жақта бесікті кім әкелетініне көп көңіл бөлінбейді, бастысы, бесік дайын болғаны маңызды. Сәбиге киім-кешек пен арбасын, өзге де қажетті заттарын алып келгеннің айыбы жоқ, әрине. Бұл қызын күйеуге берген әрбір ананың парызы, жолы деп білемін.
Бірақ қалжаның орнына піскен тамақ әкеліп, қонақтарға жайған дастарханға араласатынын оғаштау көрдім. Өзіміз дастархан жайып, қалжамызға бір қойды сойып, жақындарымызды шақырып қойдық. Бір қызығы, шілдеханаға келген құдағиымыз бір табақ қуырдағын алып келіпті. Үйімізде онсыз да қазан қайнап жатқанда, қуырдақ алып келгенін түсінбедік. Сөйтсек, Шымкент жағында қалжаны осылай да әкеледі екен. Әрине, дәмді қуырдақты қонақтарға бөліп бердік.
Бірақ дәл осылай шығындалудың қажеті жоқ сияқты. Біріншіден, біз онсыз да қонақтарға дастархан жайып, ет асып жатырмыз. Екіншіден, сонау алыстан келіп, туыстарының үйіне түскен құдағиымыз қуырдақ қуырып, әуре болмағаны дұрыс еді. Кім не десе де, бұл дәстүрді мен қабылдай алмадым», - дейді Ханшайым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913064-qalzaga-bir-tabaq-quyrdaq-akeldi-symkenttik-dastur-aqtaulyqtarga-unamai-qaldy/