Ешқашан ажыраспаймыз: Бейсен Құранбектің отбасын құрудағы жеті қағидасы
Жарияланған күні:
Бүгін танымал журналист әрі тележүргізуші Бейсен Құранбектің дүниеден өткеніне бір жыл толды. Қазақ журналистикасының жарқын өкілі ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмған болатын. Көпшілікке көмек қолын созып, «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы талай адамға үміт отын сыйлаған жанның қазасы көпшілікке оңай тиген жоқ. Бейсеннің ізін ала оның анасы, әкесі және жасы жүзді алқымдаған әжесі өмірден озды. Бүгінде марқұмның артында екі қызы мен жұбайы Гүлмира қалды. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ өмірге қол ұстасып аттаған талай жас жұбайдың ұранына айналуға лайық Бейсен Құранбектің отбасын құрардағы жеті қағидасын назарларыңызға ұсынады.
Бейсен Құранбектің жеті қағидасы:
1. Сыйластық бірінші кезекте тұруы керек. «Үйленген күннен бастап «Мені Сіз деп атайсыз» дедім. Бастапқыда «Сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «Сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі бес жылдан соң, біреуі сегіз жылдан соң, біреуі он жылдан соң күйеулерін «Сіз» дей бастады. Анасы әкесін «Сіз» деп сыйлап тұрса, баласы да әкесін құрметтейтінін түсінді.
2. Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтамын, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісе ұрысқандай ұрысады.
3. Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз.
4. Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз.
5. Ренжісіп қалсақ, бес минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз.
6. Біздің үйде ер азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен: «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде телефоны болмаған ата-бабаларымыз қандай бақытты деп ойлаймын.
7. Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар. Ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913105-esqasan-azyraspaimyz-beisen-quranbektin-otbasyn-qurudagy-zeti-qagidasy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.