44 күн комада жатқан: 20 жастағы алматылық келіншектің өліміне кім кінәлі
Жарияланған күні:
Алматы қаласында 44 күн комада жатқан жас ана көз жұмды. Келіндерінің өліміне жақындары №3 қалалық перинаталды орталықтың дәрігерлерін кінәлайды. Жиырма жастағы келіншекке қандай дәрі еккені туралы ақпарат пен аурухана камерасына жазылған бейнежазбаны жолдасы аудандық прокуратураға шағым келтірсе де ала алмаған деп хабарлайды 31 арна.
Марқұм Салтанат Жайнарбекованың анасы айы-күні жетіп, толғағы қысып келген қызына дәрігерлер толғақты тоқтатын екпе салғанын жеткізді.
Әйел ертеңінде қызы нәрестесін өмірге әкелген соң, 4 сағаттан кейін дәрігерлер тағы да а белгісіз бір дәрі екті деп отыр. Оның сөзінше, сол сәттен бастап, Салтанат комаға түскен.
"Күйеуіне хабарласып, укол салатынын айтқан. 15 минуттан кейін құлады деген хабар келді. Не укол екенін айтпай отыр", - деді марқұмның анасы.
Салтанат Жайнарбекованың жеңгесі де жақынының өліміне дәрігерлерді кінәлауда.
"Біресе тромбоэмфалия, біресе ковид деді. Біресе ауырып келген, өкпесі бітті деп айтты", - деді ол.
21 күн жансақтау бөлімінде жатқан Салтанаттың бетін бері қарата алмаған № 3-қалалық перинаталды орталық, ес-түссіз жатқан науқасты №7-ші ауруханаға жеткізген.
"Босанғаннан кейін, баласын емізді. Жағдайы тәп-тәуір болатын. Бірнеше сағаттан кейін кенеттен жүрек қағысы тоқтап қалды. Реанимациялық көмектің арқасында жүрек қағысы қайта қалпына келтірілді. 20 күннен кейін неврологиялық жағынан пациенттің жағдайы қиындап бара жатқандықтан, № 7 ауруханаға жеткізілді. Өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойдық. Коронавирустың бар-жоғын анықтау барысында птр-сынасының нәтижесі теріс шықты. Бірақ ағзасында антидененің болғаны расталды", - деді Алматыдағы № 3 қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігердің орынбасары Салтанат Ерболатова.
Ал №7-қалалық аурухана мамандары, коронавирустың ешқандай белгісі болған жоқ деп отыр. Науқас аса ауыр халде жеткізілгеннен кейін, миы мен жүрегі бір мезетте тоқтағанша арпалысқандарын айтады.
"Бізге өте ауыр жағдайда келіп түсті. Есі болған жоқ, кома-3 жағдайында болды. Жасанды аппаратта болды. Қаншама күн өмірі үшін күрестік. Өкпесін тексердік, птр алдық, ондай ковидтың белгілері болмады, антидене болмады", - деді № 7 Қалалық клиникалық аурухана жансақтау бөлімінің аға дәрігері Есенай Еспембетов.
Перзентхананың жан сақтау бөлімінде жатқан Салтанаттың жағдайы 15-күні жақсарып келе жатқанын перинаталды орталықтың дәрігерлері есепке алмады дейді оның жақындары.
Олар науқасты екі аурухананың арасында тасып, енді бір-біріне сілтеп отырғандарына ашынды. Марқұмның туыстары кінәлі адамды анықтау үшін сотқа жүгінбек.
Айта кетейік, Салтанаттың дүниеге әкелген баласының атын Арсен деп қойыпты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913148-44-kun-komada-zatqan-20-zastagy-almatylyq-kelinsektin-olimine-tuystary-darigerlerdi-kinalauda/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.