"Тағы қанша күтемін": 15 жастағы қазақ қызына шұғыл бүйрек доноры қажет
Жарияланған күні:
"Еуразия" бірінші арнасындағы "Пендеміз ғой" бағдарламасының кейіпкері Гүлден Қоңыроваға шұғыл бүйрек қажет. 15 жастағы қыз туылғалы түрлі дертпен арпалысып келеді. Анасының аяғы ауыр кезінде дәрігерлер сәбидің ауру екенін біліп, алдырып тастауға кеңес берген екен. Алайда ана жүрегі мұндай қадамға бара алмаған.
"2015 жылы маған Қарағанды қаласындағы дәрігерлер "сізге тууға болмайды, балаңыз ауру болады" деді. Бірақ мен дәрігерлер айта береді ғой деп тудым. Сенбедім. Алайда дәрігерлер алдамапты. Ауру болып туылды. Баланың басы күн санап өсе береді деп ескертті. Алғашқы қатты қиналып талмасы ұстайтын кездер 4,5 айдан басталды. Ешкімнің ала жібін аттамап едім, кезегіміз келіп, донор табылып қалар деп те өзімді жұбатамын", - дейді Гүлденнің анасы.
Талай қиындықтарды көрген 15 жастағы Гүлден тезірек жазылғысы келетінін алға тартты.
"5 уақыт намазымдай ішімдегі дәріні тәулігіне 5 рет ауыстырып отырамын. Қиналамын. Бір ауру берсе шыдаймын ғой. Неге маған 4 ауру берді екен? Жазылғым келеді. Мен Алладан соны ғана сұраймын. Басқа ештеңе керек емес. Бұл сынақты маған Алла беріп отыр емес пе? Сол себепті мешітке келіп одан ауруға шыдап беруге жеңіл жол сұраймын. Күтіп шаршадым, тағы қанша күтемін?", - деді донорға мұқтаж Гүлден Қоңырова.
Еліміздегі тағы бір науқас Жауқазын Зейнуллаева болса, жүрек донорына мұқтаж болып отыр.
"Мәйіттен жүрек сұрауға болады бірақ жауап ала алмайсың. Біздің елдегі заң рұқсат етпейді мәйіттің мүшесін алу үшін алдымен оның туған-туыстарынан рұқсат алу керек. Мендегі бала тапқаннан кейінгі жүрекке түскен салмақтан пайда болған ауру. Мен аппараттың күшімен бесінші жыл өмір сүріп келем. Бірақ, бұл құрылғының жарамдығы 10 жыл ғана. Шет елде 15 жылға жарамды аппатар бар дейді. Ал бізде ондай жоқ. Енді бес жыл уақытым қалды. Егер осы аралықта жүрек доноры табылмаса мен қыздарымның үлкен болып өскенін көре алмаймын деген сөз...", - дейді жүрек донорына мұқтаж Жауқазын Зейнуллаева.
Айта кетерлігі, Қазақстанда 3 418 адам түрлі донорлық кезек күтуде. Оның 101-і бала. 3 025 адам бүйрек алмастыру отасына мұқтаж болса, 135 жанға бауыр, 134 адамға жүрек қажет екен.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында трансплантологияға мұқтаж 63 пациент донор табылмай көз жұмған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913263-tagy-qansa-kutemin-15-zastagy-qazaq-qyzyna-sugyl-buirek-donory-qazet/