RU

Мемлекеттік грантта оқыған келіншекке 2 миллион теңге айыппұл салынды

Кадр
Видеодан кадр: Алматы телеарнасы

2016 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітірген Ботагөз Ақыпбек диплом алған соң мемлекеттік балабақшада еңбек етуі керек болған. Алайда отбасылық жағдайына байланысты бұл міндетін атқара алмай, 2 миллион теңгеден астам айыппұл арқалаған деп хабарлады Алматы телеарнасы.

Ботагөз Амангелдіқызы жұбайымен қазір екі баланы тәрбиелеп отыр.

Тұңғышы мүгедек ретінде тіркелген. Баласының денсаулығымен әлі күнге алысып келеді. Сот оған грантта оқып, кейіннен мемлекеттік мекемеде жұмыс істемегені үшін 1 миллион 900 мың теңгедей айыппұл салған. Бірақ бұны Ботагөз 2019 жылы екінші баласын босанғанда ғана білгенін жеткізді.

"Денсаулығына байланысты мүлдем жұмысқа шыға алмайтын болдым. Өйткені баламның басында гематома болып екі айлығында бір емес, екі операция жасалды. Екінші баламды өмірге алып келгенде грантта оқығаным үшін артымнан айыппұл келгенін бір-ақ білдім. Екі мәрте сот отырыс болып кеткен. Жаңағы айыппұл шығатындай. Мені, мысалы, сотқа шақырған жоқ. Маған ешкім звондаған жоқ", – деді Ботагөз Ақыпбек.

Оқуды 2016 жылы бітірген ол сол жылы тұрмысқа шығып, жүкті болған. "Балалы болатыным туралы университетке анықтама бердім" дейді. Алайда университет өкілдері ондай құжат болмағанын айтады.  

"Құжаттардың барлық сканерленген түрін кез келген студент бізге кері байланыс жасайтын болса, біз тауып бере аламыз. Бірақ 2016 жылдары ол кезде Қаржы орталығына бізге келген құжаттардың барлығы көшірме түрінде келген. Астанаға көшірме түрінде жіберіліп отырған. Ол қыздың бізге анықтама әкелгені туралы ешқандай мәлімет жоқ", – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мансап орталығының басшысы Әсел Алшынова.

Ботагөздің айтуынша, қазір өтеуі керек болған негізгі сома 2 миллион 250 мың теңгеге дейін өсіп кетіпті. Сот оның жеке шоттарын бұғаттаған, яғни картаға түскен қаржы автоматты түрде алынып отырады екен. Отбасының бар тапқан табысы несие жабудан, пәтер жалдап, баласының дәрі-дәрмегінен артылмайтын көрінеді.

"Мен тым құрмағанда шешілгенін қалаймын. Мен жан-жаққа баламды емдетуге әрі-бері алып барғанға 2,5 миллион болмаса да, тым құрмағанда 1 миллион бөліп төлесем болады. Ал 2,5 миллионды мен төлеймін деп айта алмаймын", – деді Ботагөз Ақыпбек.

"Біз үй кезегінде бармыз. Бірақ ақша салуға банктен шот аштым. Бірақ оған қазір ақша салуға қорқып отырмыз. Өйткені екеуміз заңды некеде болғандықтан, мен бастапқы керек ақшаны жинағанда Қаржы орталығы шешіп алуы мүмкін деді. Сондықтан ақша жинап пәтер ала алмай отырмыз", – деді Ботагөз Ақыпбектің жұбайы Мұратжан Битөреев.

Ал білім және ғылым министрілігіне қарайтын қаржы орталығының өкілдері грантта оқыған кез келген жас маман ешқандай жағдайға қарамастан бюджет қаржысын еңбек ету арқылы қайтаруы тиіс деп отыр. Олай болмаған жағдайда айыппұл төлеуі керек.

"Біздің тараптан, әрине, көмек болмайды. Өйткені заңда көзделген. 3 жыл міндетін орындамаса, бюджеттен шыққан шығыстар толық өтелуі міндетті. Бір мүмкіндігі бар, яғни бөліп төлеуге және соттың шешімін орындауды кейінге қалдыруға. Оны тек қана сотқа арызбен жүгінуге жас маманның құқығы бар", – деді білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығының өкілі Нұркен Әлімбеков.

Мамандар мұндай жағдайлар жиі кездесетінін жасырмады. Мысалы, 2012 жылдан бері Қазақстанда мемлекеттік грантта 80 мыңнан астам адам білім алса, соның 30 мыңға жуығы грантты еңбек ету арқылы өтеп жатыр. Ал жұмыс істемеген 8 мыңнан астам адамға қатысты талап ету жұмыстары қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913316-memlekettik-grantta-oqygan-kelinsekke-2-million-tenge-aiyppul-salyndy/