Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутаттар қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасын мақұлдады

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Парламент мәжілісі қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Басылым мәліметінше, заң жобасын мәжіліс пен сенат депутаттары дайындаған. Құжатты әзірлеуге өткен жылы әлем бойынша басталған коронавирус пандемиясы себеп болған.

Індет салдарынан елімізде қызметкерлердің 70 пайыздан астамы үйден жұмыс істеген еді.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Жанат Омарбекова елде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі пандемия кезінде еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсеткенін сөз етті.

Анықталған олқылықтарды ескеріп, депутаттар бірқатар ұсыныс жасады, деді халық қалаулысы.

Заң жобасында қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдары енгізілген.

Оның сөзінше, қашықтан жұмысқа ауысқан қызметкерлер компьютердің, коммуникация құралдарының жоқтығы сияқты өткір мәселеге тап болған.

Осыған байланысты заң жобасында норма көзделді, дейді Жанат Омарбекова.

Оған сәйкес төтенше жағдай және карантин шектеулері енгізілген уақытта, уақытша қашықтан жұмыс істеуге көшірілген жұмысшыларды коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалмақ.

"Егер жұмысшы өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады. Оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі тараптардың келісімімен белгіленеді", - деді халық қалаулысы.

Одан бөлек, жұмыс берушінің актісі бойынша қызметтік міндеттерін  еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жіберу тәртібі регламенттелген.

Мәжілісменнің сөзінше, заң жобасында қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс орнын көрсетуге қатысты талап жоқ. Алайда жұмыс беруші жеке еңбек шартында қашықтан жұмыс істеу үшін арнайы орынды бекітуге құқылы. Егер бекітпесе, қызметкер кез келген жерде, тіпті басқа қалаға барып та қашықтан жұмыс істей береді, дейді Жанат Омарбекова.

Сонымен қатар, қашықтан жұмыс істеу режимі кезінде жұмыскер жұмыс берушімен байланыста болуы керек.

Заң жобасында тараптардың келісімімен икемді жұмыс уақытын қолдану мүмкіндігі де қарастырылған.

Айта кетейік, мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913361-deputattar-qasyqtan-zumys-isteu-turaly-zan-zobasyn-maquldady/

pixel