RU

Ақтөбеде босанғаннан кейін қайтыс болған 30 жастағы келіншектің туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Марқұмның туыстары
Фото: NUR.KZ

Марқұм Аймира Атшыбаева Ақтөбедегі перинаталдық орталықта тұңғышын босанғаннан кейін қайтыс болды. Туыстары алғаш босанған анаға уақытылы ота жасалмады деп дәрігерлерді кінәлайды.

Қайғылы оқиға 17 мамыр күні болған. 30 жастағы келіншектің туыстары БАҚ өкілдерінен араша сұрады.

Марқұмды бүгін жер қойнына берген туыстары перзентхана алдына жиналды. Туыстарының айтуынша, келіншектің қайтыс болғанын есік алдында телміре күткен туыстарына бірнеше сағаттан кейін ғана естірткен.

"Тұңғышын бауырына басуды армандап, осы перзентханаға келген сіңілім бақилық болып кетті. Оның қайтыс болғанын 3,5 сағаттан кейін ғана айтты. Біз есіктің алдында хабар күтіп тұрдық. Ұзақ уақыт хабарсыз қалған соң, есікті қатты қағып, дәрігерлерден жағдайын айтуды талап еткенде ғана айрылып қалғанымызды естідік. Ана өліміне дәрігерлерді кінәлаймыз. Перинаталдық орталықтың бас дәрігерінен бастап, жауап беруге тиіс", – дейді марқұмның апасы Бақтыгүл Атшыбаева.

Аймира Атшыбаева
Фото: NUR.KZ

Марқұм 4500 грамм болатын шекесі торсықтай ұлды өзі босанған. Жолдасы келіншегінен айрылып қалғанына сене алар емес.

"Сол күні таңертең сөйлескенімізде келіншегімнің жағдайы жақсы болды. Содан кейін WhatsApp арқылы жазды. Қиналып жатқанын айтты. Кейін мүлде байланыс болмай қалды. Кешкі сағат 6-дан бастап перзентхана алдында жүрдік. Жұбайым туралы дәрігерлер ештеңе айтпады. Келіншегімнің босанғанын таныстардан сұрап алдық. Халінің нашарлағанын білген жоқпыз. Ол уақытында дәрігерге қаралып жүрді. Жүктілік кезінде ешқандай шағым болған жоқ. Дені сау болды. Босану кезінде тиісті көмек көрсетілгеніне күмәніміз бар", – дейді марқұмның жолдасы Алтынбек Жұмағазиев.

Марқұмның туыстары
Фото: NUR.KZ

Туыстары баланың ірі болатынын біле тұрып, дәрігерлер уақытылы ота жасамады деп айыптайды. Келіншек салмағы 4,5 келі болатын тұңғышын өзі босанған. Марқұмның босану орталығына да кеш жатқызылғаны белгілі болды. Келіншек уақытын өткізіп, 41 апта 3 күнде босанған. Туыстары Аймираның перзентханаға бірнеше рет барса да екі аптаға кешігіп жатқызылғанын айтты.

Осылай деп шулаған туыстарын перинаталдық орталықтың бас дәрігері полициямен қуды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқаннан кейін ғана орталықтың бас дәрігері шығып,  ота жасауға еш негіз болмағанын хабарлады.

"Кесер тілігін жасауға негіз болмады. Әйел адам ешқандай асқынусыз жақсы босанды. Ота басқа себеп бойынша жасалды. Қан кетуге әртүрлі себептер бар. Оны жариялай алмаймыз", – деді перинаталдық орталықтың бас дәрігері Асхат Жәрдемғалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана өліміне қатысты жан-жақты тексеру болатынын хабарлайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913375-aqtobede-bosangannan-keiin-qaitys-bolgan-30-zastagy-kelinsektin-tuystary-darigerlerdi-kinalaidy/