RU

Вакцина салдырған қазақстандықтар қандай артықшылықтарға ие

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Вакцина салдырған қазақстандықтар қандай артықшылықтарға ие. Бұл туралы Sputnik Қазақстан анықтап көрді.

ПТР-тест қажет емес

Вакцинаның екі компонентін алғандар Қазақстан аумағына ПТР-анықтамасыз кіре береді. Алайда бұндай жеңілдік Қазақстан азаматтары мен елде тұруға ықтиярхаты бар адамдар үшін көзделген.

Тағы кімдер ПТР-тестен босатылды:  

  • медициналық-әлеуметтік нысандарға, мысалы қарттар үйіне барғанда;
  • облыстық командаларды дайындау үшін оқу-жаттығу жиындары жанданғанда;
  • жұмыс орнына келген вахташылар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде пациентті рәсімдеу және жатқызу кезінде;
  • ұйымдасқан ұжымдарға барған кезде;
  • мерзімді әскери қызметке шақырылғандар;
  • тергеуге алынған, айып тағылған, сотталған адамдар (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне түскенде);
  • еңбек демалысынан, іссапардан, "больничныйдан" оралған медицина қызметкерлері;
  • практикасын бастайтын медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері.

Басылым дерегінше, вакциналау паспорты бар адам вирус жұқтырған науқаспен байланыста болса, ол бұрынғыдай оқшауланбайды, тек медициналық бақылауда болады.

Бұған қоса, кеңседе істейтін қызметкерлер вакцинаның екі дозасын алса, қашықтан жұмыс істеу форматына көшірілмейді.

Вакцина салдырғандар маскасыз жүре ала ма

Елімізде вакцина алғандарда, алмағандар да бетперде тағуға міндетті. Әлеуметтік ара қашықтықты да естен шығармау керек.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзінше, адамдарға көшеде маскасыз жүруге рұқсат ету үшін ұжымдық иммунитетті кемінде 60-70 пайызға дейін жеткізу керек.  

Ashyq-тағы статусы – жасыл

Дәл қазір Ashyq мобильді қосымшасында COVID-19-ға қарсы вакцина салғызған адамдар туралы ақпарат жоқ. Алайда 1 шілдеден бастап вакциналау паспорты Ashyq жобасымен біріктіріледі. Осыдан кейін вакцинаның екі дозасын алған қазақстандықтардың статусы "жасыл" түспен жанады.

Сонымен қатар ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен адамдар да қосымшада "жасыл" түс шығады.

Қазақстандықтарда таңдау бар

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны биыл 1 ақпанда басталды. Бірінші кезеңде екпе инфекциямен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне егілді. Кейін бұл тізімге мұғалімдер, студенттер, созылмалы ауруы бар адамдар, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылды. Ал қазір Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы өз еркімен вакцина салдыра алады.

Бүгінде елде ресейлік "Спутник V", отандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax вакциналары қолжетімді.

Вакцинаның екі дозасын алғаннан кейін электронды үкіметте вакциналау паспорты пайда болады. Электронды құжатта қазақстандықтың қандай вакцина, қандай дозада, қашан салдырғаны туралы мағлұмат көрсетіледі.

Вакцинация паспортын жүктеу 

  • телефонға eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеу;
  • электронды сандық қолтаңба арқылы немесе SMS-пароль арқылы тіркелу;
  • қызметтер бөлімінде "Цифрлық құжаттарға" кіру;
  • жоғары оң жақта тұрған "жаңарту" батырмасын басу;
  • вакцинация паспортына өту.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913385-vakcina-saldyrgan-qazaqstandyqtar-qandai-artyqsylyqtarga-ie/