Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"7 миллион теңге": Қызылордалық көпбалалы ана ешкім күтпеген хабарландыру жасады

Жарияланған күні:

Әйел
Фото: tumba.kz: UGC

Қызылорда қаласының тұрғыны қарыздан құтылу үшін амалсыздан бүйрегін сатуға мәжбүр. Кредит кеңірдектен, өсім пұл алқымнан алды деп жылайды ол. Келіншектің бұл тірлігі қаншалықты заңды? Елімізде ағзасын сататындар көп пе? Мамандар не дейді? "Астана" телеарнасының тілшілері осындай сан сауалдың жауабын іздеп, арнайы сюжет жариялады.

Sputnik Қазақстан басылымының хабарлауынша, 31 жастағы келіншектің алты баласы бар. Өзі жұмыссыз. Жолдасының табысы ішіп-жемнен артылмайды. Сондықтан әйел бала-шағаның кем-кетігін түгендеймін деп жүріп қарызға белшеден батқан. Оны қайтара алмайды. Берешегін сұрап күнде біреу келеді. Бар амалы – бүйрегін сатып, қарыздан құтылу.

Қызылорда қаласының тұрғыны осы мәселемен кісілер күнде келіп мазалайтынын да айтады.

"Тіпті, кішкентай бір жасар қызымды да, бізге бер деп айтты. Иә, баланы маған бер, ақыры төлей алмайсың дейді. Кім баласын қиып береді. Айтыңызшы, ешкім баласын қимайды ғой қандай жағдай болмасын. Соған қатты налыдым", – дейді күйінген көпбалалы ана.

Келіншектің айтуынша, ағзаға қара нарықта сұраныс бар. Күнде хабарласып, бүйректі саудалайтындар көп.

"Жеті милион теңге деп айттым. Маған бір кісі хабарласып, баласының бүйрекке зәру екенін айтып, тегін беруді сұрады. Мен оны тегін беретіндей өлейін деп жатқан жоқпын ғой. Өзім қарызға батып, мұқтаж болып тұрмын. Ренжімеңіз дедім. Ақыға ғана дедім. Одан кейін де бірнеше адам қоңырау шалды", – дейді ол.

Ranker.com сайтының мәліметі бойынша, қара базарда бүйректің бағасы АҚШ–та 200 мың доллар. Ал Қытай мен Үндістанда бұдан сәл арзан. Барлық елде бүйрекке сұраныс жоғары.

Нұр-Сұлтандағы транспланттау орталығының мәліметінше, бүйрек жетіспеушілігімен есепте тұрғандар саны үш мыңнан асады. Өкпе, бауыр, жүрекке де сұраныс жоқ емес. Орталықта ағзаны ауыстыру тегін жүргізіледі. Ол үшін донорларға ақша төленбейді. Тек, заңды жолмен, тиісті талаптармен ғана қабылданады. Ал өз еркімен дене мүшесін саудалағандар жазаға тартылады.

"Адамның ағзалары мен тiндерiн алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу фактілері Қылмыстық кодекстің 116-бабы бойынша тергеледі. Дәл осы қылмыстар абайсызда жәбiрленушiнің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда немесе мұны қылмыстық топ жасаған болса, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады", – дейді ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Ал психолог мамандардың пікірінше, қаржылық қиындықтар туындаған кезде адамның мінез-құлқы өзгереді. Бұл оны түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін дейді.

"Мысалға, мұны шарасыздық деп айтатын шығармыз. Бұл енді өзін-өзі құнсыздандыру. Өмірдің, ол үшін құнды дүние жоқ деген секілді. Қазір құндылықтардың өте төмендеп кеткен уақтысы деп, айтып жатырмыз. Бұл да бір соның түрі деп айтуға болады", – дейді психолог Лимана Қойшиева.

Қанша жерден жоқшылық жағадан алып, өсім пұл аяқтан тартса да заңсыз әрекетке жол жоқ. Жаза ауыр. Бірақ оны ешкім ескермейтін секілді. Өйткені, бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, адам ағзаларын саудалау бойынша өткен жылы елімізде 57 қылмыстық іс тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913648-7-million-tenge-qyzylordalyq-kopbalaly-ana-qarzydan-qysylyp-buiregin-satpaq-bolgan/