Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ештеңеден қорықпау керек": 9 баласы бар ақтаулық 35 жастағы ана сырын ақтарды

Опубликовано:

Тоғыз балалы Ешмұхановтар отбасы
Тоғыз балалы Ешмұхановтар отбасы: жеке мұрағат

Ақтауда 35 жасында тоғыз баланың анасы атанған келіншек туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Бүгінде оныншы сәбиіне аяғы ауыр Гаухар Ешмұханова 16 жасында тұрмысқа шыққан. Тұңғыш қызын 2002 жылы дүниеге әкелсе, кенже ұлы небары тоғыз айда. Гаухар жолдасы Сәкенмен бірге бала санын көбейтіп, көпбалалы жанұяларға қайырымдылық жасауды мақсат еткен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген тоғыз балалы ананың өзі баяндады.

«Менің есімім Гаухар Ешмұханова. Жолдасымның аты-жөні – Сәкен Ешмұханов. 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым мені келіншек еткенде 21 жаста болатын. Екеуміз бір бірімізді сүйіп қосылдық. Үйлену тойымыз 2001 жылдың 16 желтоқсанында өтті. Осы уақытқа дейін түрлі қиындықтарды бірге еңсеріп келеміз. Әрдайым жұбымыз жазылмасын деп тілеймін. Біздің басты қазынамыз – Алла берген тоғыз баламыз. Бұйырса, құрсағыма біткен оныншы сәбиімді аман-есен қолыма алуды бұйыртсын деп тілеймін», - дейді батыр ана.

Тоғыз балалы Гаухар «Алтын алқа» иегері. Оның үлкен қызы бүгінде 19 жасқа келген.

«Тұңғышым 2002 жылы өмірге келді. Есімі - Лаура. 2003 жылы туған екінші қызымды Дильназ деп атадық. 2009 жылы Сұлтан есімді ұлымыз дүниеге келді. 2011 жылы Аиданы, 2012 жылы Динараны, 2013 жылы Марленді босансам, Әсет пен Әсел атты егіз балаларымыз 2015 жылы өмір есігін ашты. Әзірге кенже ұлымыз Мирасқа тоғыз ай толды. Қазір оныншы балама аяғым ауыр», - дейді көпбалалы ана.

Гаухар көпбалалы ана атанудан қорықпайтынын, көпшілік сырттай әңгіме айтса да, ештеңені елемейтінін айтады. Себебі, ол өзінің өмірге риза және көңілді қалпынан айнымай, отбасымен бірге алға басып келеді.

«Өзімді өте ақкөңіл жанмын десем, артық емес. Әр нәрседен тек жақсылық көріп тұрамын. Позитивке толы адам екенім рас. Сәттілікке емес, өзіңе сен деген сөзді өмірлік ұраныма айналдырғам. Яғни, тоғыз бала тапсам, бірінші Аллаға, кейін өзіме сенгендігімнің белгісі. Барлық жас отбасыларға, көпбалалы жанұяларға ештеңеден қорықпаңдар дегім келеді. Өмірде тәуекел ету керек. Жолдасым екеуміз бизнеспен айналысамыз. Осы аралықта қаншама қиындық басымыздан өткенін айтпай-ақ қояйын. Бес-алты жыл бұрын кәсібімізге ірі ақша салып, кейін тақырға отырғанымыз бар. Бізді алдамақ болғандармен соттасып, түбінде жеңіске жеттік. Мұндай мысалдар өте көп. Мұнымен не айтқым келеді? Өмірде ештеңеден қорықпау қажет. Алға басу керек. Осы жасымда тоғыз бала туған соң, мені жынды дейтіндер де бар шығар. Бірақ бұл Алланың берген сыйы, сондықтан, ешқашан бас тартпаймын», - дейді Гаухар.

Бүгінде Гаухар мен оның жұбайы көпбалалы жанұяларға қайырымдылық шараларын жиі жасап тұрады.

«Өзім көпбалалы болғандықтан, осындай отбасыларға шамам келгенше көмектескім келеді. Сондықтан, қайырымдылық қорын ашып, түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Одан бөлек, өзімді бизнестің адамымын деп сеніммен айта аламын. Балаларыма бас көз болып отырған әке-шешем мен енеме алғыс айтамын. Сол кісілерді қыдыртсам, тіпті, Меккеге апарсам деген арманым да бар. Баспана зардабын тартып жүрген жанұяларға үй алып беруді де көздеп отырмыз. Алда жоспар көп. Оныншы баламды аман-есен өмірге әкелген соң, бәрін реттейміз», - дейді батыр ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913855-esteneden-qoryqpau-kerek-35-zasynda-9-bala-tapqan-aqtaulyq-ana-zan-syryn-aqtardy/

pixel