Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әмин" бе, "әумин" бе: имам ел арасында дау болған сөзді қалай дұрыс айту керегін түсіндірді

Жарияланған күні:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: elana.kz

Ел арасында дұға жасаған соң "әмин" деп те, "әумин" деп те айтатындар бар. Алайда әлеуметтік желілер мен отырыс-жиындарда осы екі сөздің қайсысы дұрыс екенін анықтай алмай, сөз таластыратындар көп. Кейбірі "әмин" сөзі араб тілінінен енгендіктен, осы нұсқаны қолдану керек екенін айтады. Ал енді бір бөлігі ата-бабаларымыздан қалған "әумин" сөзін айтқан дұрыс екенін алға тартуда. Осы орайда KAZ.NUR.KZ мәселенің ақ-қарасын анықтап көрді.

"Әмин" деген сөз не мағынаны білдіреді?

Қазақстан мұсылмандары біни басқармасының маманы Бауыржан Әлиұлы Ummet.kz сайтына берген сұқбатында Рағиб Асфаһани деген ғалымның "Муфрадату Әлфазил-Қуран" атты кітабына сүйене отырып, "әмин" сөзі "Алла тілегімді қабыл ет" деген мағынаны білдіретінін айтқан.

Muftyat.kz сайтында жарияланған "Әумин" деп айту қате ме?" деген мақалада бұл сөз қашаннан бері қолданылып келе жатқаны хадистердегі мысалдар арқылы нақтыланған екен.

Мақалада былай делінеді: "Пенде Алла Тағалаға жалбарынып, дұға еткеннен кейiн "әмин" деп, тiлегi қабыл болуын сұрайды. Бұл амал өз бастауын Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар заманынан алады.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Маған намазда және дұғада "әмин" (деп айту) нәсіп болды, бұл менен бұрын Мұсадан басқа ешкімге нәсіп болмаған, Мұса дұға қылғанда, Һарун "әмин" деп тұратын. Сондықтан дұғаны әминмен аяқтаңдар. Өйткені Алла сендерден мұны қабыл етеді", - деп өсиет еткен (Ибн Хузайма)".

Ораза
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Мақала авторы Хасан Аманқұл бұл тұрғыда: "Арабтар әлиф әрпін созып ("әәмиин") және созбай ("әмиин") екі түрде айтады. Қалай айтылса да, мағынасы өзгермейді, солай қала береді. Қазақ халқының дұғада "әмин" немесе "әумин" деп айтуы – "Алла қабыл етсін, сауабы­н жазсын" деген ниетінің көрінісі. Екеуі де қолданыстағы сөздер болға­ндықтан, мағынасы бірдей деуге болады.

Қазақ әу бастан бата бер­генде "әумин" деп те қолданған. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған "Орфографиялық сөздікте" қазақ тілінің заңдылығы бойынша "әумин" деп жазу керектігі көрсетілген. Сондықтан оны қате деп айтпаймыз", - дейді.

Ол "әмин" мен "әуминге" келгенде, "олай емес, былай" деп талас-тартыс жасамау қажет деп есептейді.

Дінтанушы әрі имам Нұрлан Байжігітұлы "әумин" деген дұрыс деп есептейді.

"Осы сөз көптен бері ел арасында пікірталас тудырып келеді. Бұған дейін "Аллаһ деген дұрыс па, әлде Алла деген дұрыс па?" деп көпшілік сауал жолдаған болатын. Бұл мәселеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауап беріп, "Алла Тағала" деп айту керек екенін ескертті. Міне, "әумин" сөзіне қатысты жайт та осыған ұқсас. Біздің ата-бабаларымыз "әумин" сөзін қолданды. "Әумин!" деп бата берді. Араб тілінде "әмин" болғанымен, қазақ тіліне енген соң айтылуы жағынан өзгеріске ұшырап, бірақ түпкі мағынасын жоғалтпаған сөз бұл. Сондықтан өзіміздің бабалар сөйлеген сөзбен, туған тілімізде "әумин" дегеніміз дұрыс", - дейді дінтанушы.

Сондай-ақ Нұрлан Байжігітұлы бата беру кезіндегі ерекшеліктерге де тоқталып өтті.

"Бата берген кезде көбіміз ұмытып кететін бір жағдайды айтқым келіп тұр. Егер жасы үлкен адам батаны отырып берсе, бата алушы адам түрегеліп тұрғаны дұрыс. Егер батаны орнынан тұрып берсе, бата алушылар тізе бүгіп, батаны отырып алады. Яғни, батаны беруші де, алушы да бір жағдайда болмауы керек. Бата біткен соң, қазақтың өз сөзімен "әумин" деп бет сипаймыз", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Бата берген қария
Жиналған қауым және бата берген қария. Көрнекі сурет: el.kz

Осы мақаланы әзірлеу барысында көптеген дінтанушылардың пікірі "әмин" деген де, "әумин" дегенде бір сөз екені, қайсы сөзді қолдансаңыз да, түпкі мән-мағынасы жоғалмайтынын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914022-amin-be-aumin-be-imam-el-arasynda-dau-tudyrgan-zaidyn-nuktesin-qoidy/