RU

Еңбек заңнамасы: Қашықтан жұмыс істеу мен жалақы мәселесіне өзгерістер енгізілуде

Жұмыс
Көрнекі сурет: pixabay.com

Мәжіліс депутаттары еңбек заңнамасына өзгерістер енгізуде. Бұдан былай қазақстандықтар қашықтан жұмыс істесе де, еңбек өтілі мен жалақысының көлемі толық сақталатын болады деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Енді жұмыс беруші мен қызметкердің екіжақты келісімі болса, қызметкерлердің күні бойы кеңседе отыруы міндетті емес. Депутат Юрий Жулиннің айтуынша, жұмыс кестесі мен жұмыс көлемінде өзгеріс болмайды. Бастысы, қолында компьютер мен интернет болса болғаны. Ал қызметкерлер құпия құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол жеткізеді.

Бүгінде пандемияға байланысты халық қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан, осы заң жобасын әзірлеу қажеттілігі туындады дейді ол.

"Еңбек заңнамасы дайын емес болып шықты. Жұмысшылар мен жұмыс берушілерге қолайсыздықтар тудыратын бірқатар мәселелерді анықтадық. Сондықтан, мәжілістің депутаттары сайлауалды бағдарламасы аясында "Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір" атты заң жобасын жасап шығарды. Әрі осы жоба қашықтан жұмыс істеу машақатын жеңілдетеді", - дейді Парламент мәжілісінің депутаты Юрий Жулин.

Қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтарын алдымен IT саласы мен ақпараттық-коммуникациялық технология саласының мамандары бағалай алды. Олардың басым бөлігі кеңсеге келмей, үйде жұмыс істеуін жалғастыруда. Мұндай өзгерістер мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, келісімшартсыз міндеттерін атқарушыларға да қатысты болмақ.

"Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, жұмыс орнында емес, қашықтан жасалатын кез келген жұмыс болса сол маман мен сол сала қашықтан жұмыс істеу форматын қолдануға мүмкіндігі бар. Әрі ол ерікті. Жұмысшының немесе жұмыс берушінің өтініші бойынша жүзеге асырылады. Бірақ, нақты шешім екі тараптың келісімі арқылы болуы керек", - дейді Юрий Жулин.

Л. Қуанышқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914424-enbek-zannamasy-qasyqtan-zumys-isteu-men-zalaqy-maselesine-ozgerister-engizilude/