"Қызға айналып кеткен": Елорда перзентханасында таңғаларлық жағдай болды (видео)
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан перзентханаларының бірінде таңғаларлық жағдай болды. Анасының жатырынан ұл боп шықты деген сәби, анасы кесар тілігінен кейін есін жиғанша қызға айналып шыға келген. Әкесі қыз бала дүниеге келгеніне сене алар емес деп хабарлайды "Информбюро".
Белгілі болғандай, барлық түсініспеушіліктер дәрігерлердің бала туралы мәліметті компьютерге енгізіп, жаңадан босанған Ұлдана есімді келіншекке "Туу туралы медициналық анықтама" берген сәтінен басталған. Олар анықтамада баланың жынысын "ұл" деп жазып берген екен.
Телеарна мәліметінше, хирург дәрігер Ұлдананың туыстарына хабарласып "шаңырақтарыңызға маңдайы торсықтай ұл келді" деп сүйінші де сұрап қойған. Нәтижесінде Молдабековтар әулеті Рамазан деп азан шақырып ат қойған перзентінің есімін Айару деп ауыстыруға мәжбүр болып отыр.
Тұңғышына толғағы қысқан Ұлдана бірден Нұр-Сұлтандағы перзентханаға келеді. Дәрігерлер келіншектің өз күшімен босана алмайтынын білген соң кесар тілігін жасап, есін толық жинай алмай жатқан анадан "сіз ұл тудыңыз" деп бірден сүйінші сұрайды. Тіпті, компьютерден қағаз шығарғаннан бөлек, баланың қолына да ұл деген бирка тағып береді.
"Қыз есін жинап, палатаға шығып, баласын қолына алып, жөргегін ауыстырғанда әлі жас болғасын ештеңе түсінбейді. Содан "не жағдай боп жатыр, менде ұл ғой" десе, "дұрыс қой, сенде ұл" деп ешкім қарамай қоя салған. Екінші күн өтеді, содан тағы шу көтереді, сөйтіп барса, "дұрыс қой, сізде қыз" деп айтқан. Босандырған акушерка "кешіріңіз, қағаздан қате кетіпті, сізде қыз туды" деп қоя салған", - дейді Ұлдананың әпкесі Мира Нұранова.
Сөйтіп жаңа босанған Ұлдана түк түсінбей дал боп жатқанда туғандары тұңғыштары ұл болды деп тойлатып тастайды. Екі күннен кейін дәргерлердің шатасқанын есітгенде, төбелеріне жай түскендей болады. Себебі олар сәбиге есім де беріп қойған.
"Рамазан деп ұлдың атын қойып қойдық, енді өздері шешіп Айару деп қойыпты. Бас тартпаймыз. Ұл не, қыз не, немерем ғой" , - дейді Ұлдананың анасы Жұмақыз Ұлданасова.
Дәрігерлердің бұлай шатасқанына сенбеген баланың әкесі ДНҚ сараптамасын да талап етеді. Оның нәтижесі бойынша бала 100 пайыз Ұлдананыкі болып шығады. Алайда сараптама нәтижесіне әкенің көңілі толмайды, сондықтан қайта тексермек. Баладан бас тартпаймын, бірақ қателескендерді жазаға тартпай қоймаймын дейді Ердос.
"Мен сотқа беремін, ары қарай қандай жаза тағайындалатынын соттың өзі шешсін", - дейді Ұлдананың күйеуі Ердос Молдабеков.
Денсаулық сақтау басқармасы перзентханаға қанша хабарласқанмен, қызды ұл деп шатастырғандар сыртқа шығып мән-жайды түсіндірмеген.
Журналистердің келгенін естіген дәрігерлер кейін бүлдіршіннің әкесін кіргізіп алып кешірім сұрайды. Айтуларынша, компьютерге мәлімет енгізген дәрігерден қателік кетіп, бұған дейін туған баланың жынысы мен салмағы жазылып кеткен. Алайда Ұлдананың туғандары дәрігерлер жазасын алмай қоймаймыз деп отыр.
Гүлназ Сайлауқызы, Нұркен Тоқмурзин
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914482-qyzga-ainalyp-ketken-elorda-perzentxanasynda-tangalarlyq-zagdai-boldy-video/