"Жоқшылықтан шашымды қырып тастадым": Тағдырдан қажыған төрт балалы ана жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Алматы қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Айжан Сүлейменова тағдырдың кезекті соққысынан қажығанын айтып, көпшілікке өз оқиғасын баяндады. Бүгінге дейін шамасы жеткенше жан бағып, балаларын жалғыз асырап отырған ананың барарға жер, басарға тауы қалмаған. Есірткіге салынған күйеуінен әбден қорлық көрген ол бүгінде төбесі құлағалы тұрған үйде төрт баласымен өлместің күнін кешіп отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айжан Сүлейменова бүгінге дейін ешкімге қол жаймай, ел қатарлы өмір сүріп келді. Алайда, күйеуі есірткіге салынып, сатып алған үйі кепілдікке қойылғанын естіген соң, оның ісі кері кете бастады. Тіпті, такси қызметкері ретінде тапқан табысына да зар болып қалған.
"Кредитке алған көлігімді соңына дейін төлей алмай, ақшасы бар таныстарым алып қалды. Ал бөліп төлеуге алған үйімді бұрынғы үй иелері кепілдікке қойып жіберген. Қазір мен бұл үйді жалдап тұрып жатырмын. Осыған дейін берген ақшамның бәрі желге ұшты. Көлігім бар кезде таксилетіп табыс тауып, балаларымды асырап отырғанмын. Бірақ күйеуім есірткіге салынғаны берекем кетті. Қалай тартсам да жеткізе алар емеспін.
Қолымнан келгенше қарап отырмауға тырысамын. Үй әктеу, ремонт жасау сынды қара жұмыстардан да қашпай, істеп жүрмін. Бірақ кіші баламды босанған соң бірден қара жұмысқа кірісіп, денсаулығым сыр берді. Бүгінде қатты уайым мен жоқшылық салдарынан шашым түсіп қалды. Шашымды қырып алып тастадым. Тістерім де жоқ, дұрыс сөйлей алмаймын. Осыны бәріне жоқшылықтан бөлек, босанған соң дұрыс күтінбеуім де себеп болды", - дейді Айжан.
Бүгінде Айжан үлкен қызын ақылы түрде колледжде оқытуда. Денсаулығы жарамаса да, қара жұмыс істеп, қызының оқуын төлеп отыр. Бірақ ол балалары үшін алаңдайтынын айтып, көпшіліктен көмек сұрады.
"Төрт баламды жалғыз жетілдіру соңғы кезде қиын боп барады. Көліктен, үйден айырылып, денсаулығым да жарамай қалды. Еңбекқор, жұмыстан қашпаған адам едім. Мұның бәрі сынақ екенін де білемін. Бірақ мүлде амалым қалмады. Ішерге ас, киерге киім таппай қалдым. Түнімен төбеміз құлап, балаларымды басып қалмай ма деп үрейленіп шығамын. Тығырықтан шығатын жол таба алар емеспін", - деп мұңын шақты ол.
Айжан Сүлейменоваға көмек көрсетем деушілер болса, төмендегі реквизитті ұсынамыз:
Kaspi Gold нөмері: 8 707 158 35 30
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914488-zoqsylyqtan-sasymdy-qyryp-tastadym-tagdyrdan-qazygan-tort-balaly-ana-zanaiqaiyn-aitty/