RU

Депутат әрбір балаға 18 жасқа дейін 230 мың теңгеден төлеуді ұсынды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Депутат Айжан Сқақова мәжілістің жалпы отырысында үкімет балаларға арналған барлық жәрдемақыларды біріктіріп, оны Қазақстандағы орташа жалақы деңгейіне көтеруі керек екенін айтты деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сқақованың сөзінше, елімізде бала күтімі бойынша жәрдемақы мүлдем жеткіліксіз.

Мәселен жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы:

  • бірінші балаға 16 802 теңгені,
  • екінші балаға – 19 865 теңгені,
  • үшінші балаға – 22 898 теңгені,
  • төртінші және одан көп балаға – 25 961 теңгені құрайды.

"Бұл бір балаға күніне 560 теңгеден 865 теңгеге дейін жұмсалады деген сөз. Ал қамаудағы бір адамның тамағына 1 018 теңге қарастырылған. Баланың анасына жәрдемақыда ақша қарастырылмаған", - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, 2021 жылдың І тоқсанында бір жұмыскердің орташа айлық атаулы жалақысы 230 829 теңгені құраған. Бұл дегеніміз - егер ерлі-зайыптылардың біреуі ғана жұмыс істесе және үш баласы болса, онда әрқайсысына 46 мың теңгеден беріледі.

"Бұл өте аз. Осыншама аз мөлшерде есептелген балаларға арналған жәрдемақы бұл жағдайды реттей алмайды. Азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, ойыншықтар, кітаптар қанша тұратынын бәріміз білеміз. Сонымен қатар, әр отбасында коммуналдық пәтер немесе несие төлеу сияқты басқа да көптеген шығындар бар", - дейді Айжан Сқақова.

Сондай-ақ, депутат халықтың осал тобы үшін баспана қол жетімді еместігіне назар аударды. 

Оның дерегінше, Алматыда 26 мыңнан астам отбасы баспана кезегінде тұр. Тұрғын үйді күтудің ең аз мерзімі 10 жылдан асады.

Сқақова қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз деген пікірде екенін де жасырмады.

"Қазақстан Халық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында әрбір отбасы үшін 20 сотық жер беру керек деп мәлімдеді. Мұны ауылдық жерлерде бірінші кезекте осал санаттар үшін – көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар үшін жасау керек. Бүгінде олар үшін жер телімін алу мүмкін емес", - дейді ол.

Одан бөлек, депутат жәрдемақылар мен төлемдердің барлық түрлері жойылып, Қазақстан Республикасының туу және азаматтығы құқығы бойынша барлық балаларға 230 мың теңге мөлшерінде тағайындалатын 18 жасқа дейінгі әрбір балаға бір әмбебап жеткілікті жәрдемақы енгізілсін деген ұсынысын айтты.

"Жәрдемақы баланың қажеттіліктерін қамтуы керек, біздің партиямыз ұсынған нәресте тұтыну қоржынына сәйкес бала күтімі кезеңіндегі ананың қажеттіліктерін де қамтуға тиіс", - дейді Айжан Сқақова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914509-deputat-arbir-balaga-18-zasqa-deiin-230-myn-tengeden-toleudi-usyndy/