RU

"Тоқалдыққа алатын адам керек": Жасы қырыққа келген шымкенттік әйел өзіне адал жар іздеп жүр

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: nevestam.by

Шымкенттік Айша есімді оқырман өзінің тоқал болуға дайын екенін айтып, «Замана» газетінің редакциясына қоңырау шалды. Жасы қырыққа жақындаған Айша лайықты азамат табылып, көңіл білдіріп жатса, өзінің де екінші әйелдікке қарсы болмайтынын жеткізген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Ел ішінде қазір жасы 30-дан асқан қыздар көп. Ал менің жасым 30-дан әлдеқашан асып кеткен, қазір 40-тамын.Тұрмыс құрмағанмын. Екі жоғары оқу орнын бітіргенмін, заңгер, психолог мамандықтарының иегерімін. Бүгінде осы мамандықтарым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Кәсіппен айналысып қыруар табыс таппасам да айлық жалақым өз жағдайымды жасауға жетеді. Құдай берекесін берген сол табыстың арқасында өзіме қажеттінің бәрін адал еңбекпен таптым деп ұялмай айта аламын. Адал еңбекпен тапқанымды қысылып-қымтырылмай жаратамын, біреуге кіріптар емеспін, тәуелсізбін. Үйім, көлігім бар»,- дейді Айша.

Екінші әйел болғысы келетін Айша неліктен қырық жасқа дейін тұрмыс құрмағанын да түсіндірді.

«Оқуды үздік бітірдім, жұмысқа да бірден тұрып кеттім. Ал жұмысқа тұрған соң тұрмыс ағымымен уақыт өте беріпті. Жалпы, менде алдымен білім жетілдіріп, мансапқа қол жеткізіп алайын, тұрмыс құруға әлі ерте дегендей ойлар болған емес. Жұрттан қалмай, әйтеуір күйеуге тие салу керек деген де ой болмады. Ондай ойым болса, шынымды айтайын, мен әлдеқашан, тіпті мектепті бітіре салысымен-ақ тұрмыс құрып кеткен болар едім. Төңірегімдегі құрбылар, әріптестер отау құрып жатқанда сондай күн бір кездері өзімнің де басымнан өтеріне деген сенім болды. Мен де өз теңімді табармын деп ойладым, теңімді тапсам, тұрмыс құруға дайын едім. Бірақ ондай жігіт кезікпеді. Нәсіп болмаған шығар», - дейді кейіпкер.

Ол өзін тоқал болуға қандай жайттар итермелейтінін де жасырған жоқ.

"Мен бұл жөнінде жасым 30-дан асқан соң ойлана бастадым. Ажырасқан болса да лайықты жігіт кезіксе тұрмысқа шығу ойда болды. Кейін лайық жан кездессе, екі жақтың да жағдайын жасай алатын, шын мәнінде екі әйелге иелік ете алатын, оларды тең әрі тату ұстай алатын жан жолықса, ойын білдірсе, неге тоқал болмасқа деген де ой келді. Өйткені өмірде барлық жағдайы, қасиеті, қауқары бар, түрлі себеппен отбасында бір-екі баламен шектеліп қалған, ұрпағы көбеюі керек ерлер де жоқ емес. Бірақ олардың көбі «екінші әйел алуға болмайды» деген қасаң қағидаға мойынсұнып қалған. Сондай еркек кездессе, неге оған тоқал болмасқа деген ой келді. Әйтеуір тиіп алсам болды, күйеусіз қап кетпейін деген емес, саналы түрде сондай ой болды. Өйткені ана болып, сәби сүю де керек қой. Ал сәби сүю некелі жарың арқылы келеді. Арада бала болса болар, болмаса, ол да бір Құдайдың ісі ғой. Негізі біреуге тоқал боламын десем, үйдегілер де маған қарсы тұра алмас еді. Өйткені бұл менің өз өмірім ғой. Қазір немере сүйер жастамын, енді маған 25-тегі жігіт келмейтіні белгілі», - дейді Айша.

Сондай-ақ, кейіпкер қандай азаматқа жар болғысы келетінін де айтты.

«Ер-азамат деген атқа лайық, тұрмысы түзу, отбасына, әйелдеріне, балаларына дұрыс қарай алатын адам жолықса, оған екінші әйел болуға қарсы емеспін. Әрине, материалдық жағдайы сай болуы тиіс. Жасы ары кетсе 50-55-тен аспағаны дұрыс шығар. Шаршап қалмаған, өмірге құштар, белсенді өмір салтын ұстанатын, жұртпен жиі араласатын, табиғат аясына шығып тұрудан да қашпайтын, әңгіме-сұхбатқа өресі сай, парасат-пайымы жоғары жан кезіксе, оған екінші жар болуға көнер едім. Жұртқа көрсетіп, жариялы түрде үйленсе, мен ол үшін арланбас едім», - дейді Айша.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914689-toqal-bolgym-keledi-zasy-qyryqqa-kelgen-aiel-ozine-adal-zar-izdep-zur/