"Өте қиын жағдай": Павлодарлық ана ұлын ауыстырып жібергенін 35 жылдан соң білген (видео)
Жарияланған күні:
Осыдан 35 жыл бұрын Павлодар облысына қарасты Железинка ауылындағы перзентханада туған екі сәби ауысып кеткен. "Еуразия" бірінші арнасындағы "Пендеміз ғой" бағдарламасының кейіпкерлері Ержан мен Нариман уақыттың кері қайтпайтынын жақсы түсінеді. Олардың ендігі шешімі қалған ғұмырды екі отбасымен бірге өткізу.
Дәрігерлер бір сәтке балаларды шатастырып алғаннан кейін екі тағдыр екі жаққа кете барады. Арада ширек ғасыр өткенде тағдыр жазып, Нариманды туған анасы кездейсоқ көшеде кездестіріп қалады. Ол үйдегі ортаншы баласының туғаннан болмысы бөлек екенін іштей сезетін.
Жылдар бойы жүректе күдік болғанымен, ол ешкімге бұл туралы тіс жармаған екен. Көшеде кездейсоқ жігітті көріп қалғанда "осы менің балам емес пе" деген сұрақтың туындауы да сол күдіктің арқасы екендігін айтуда.
"Баян Қуанышева екеуіміз бір бөлмеде, бір сағатта, тіпті бір минутта босандық. Осы сәтте дәрігерлер ауыстырып алған екен. Өз баламды тани алмаған өзіме де ашулымын. Арада бақандай 35 жыл өте шықты. Өкінгенде енді пайда жоқ. Өйткені кінәліні таба алмайсың. Тапқан күннің өзінде уақытты қайтара алмаймын ғой", - дейді Күтай Хамитова.
Перзентханада ауысып кеткен Ержан мен Нариман болса, ендігі бар уақытын екі отбасымен бірге өткізуді жоспарлап отыр.
"Басында менің ата-анам қатты қорқып кетті. Мені басқа отбасына кетіп қалады деп анам көп жылады. Бірақ мені тапқан ана басқа болғанымен, мені баққан анамды тастамаймын ғой. Ешқайда да кетпеймін, екі отбасыммен бірге боламын, кезек-кезек барып тұрамын деп шештім. Тегімді де ауыстырмаймын. Осылай қалады барлығы да", - дейді Нариман.
Ал бала кезінен өзінің ата-анасына, бауырларына ұқсамайтындығын жиі естіп өскен Ержан көкейінде жауабы табылмаған сан сұрақтар барын айтуда.
"Неліктен бұлай болды? Неге менің басымнан бұл жағдай өтіп жатыр? Неге мен? Ешқандай жауап жоқ. Өмірімнің жартысы өтіп кетті. Өткізіп алған уақытты ойланасың. Балалық шағым, жастық шағым барлығы да өзге адамдардың арасында өткен. Бұл өте қиын жағдай", - дейді ол.
Тағдыр табыстырған екі отбасы бүгінде жақын туыстардай араласып жүр. Ауысып кеткен балалар тапқан ананың емес баққан ананың жанында қаламыз деп шешім қабылдаған екен. Бірақ, бір қарағанда бір-біріне еш қатысы жоқ екі отбасына бала ортақ, немере ортақ болып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914763-ote-qiyn-zagdai-pavlodarlyq-ana-ulyn-auystyryp-zibergenin-35-zyldan-son-bilgen-video/