Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауылымды әлемге танытамын": 30 жастағы ақтөбелік азамат шетелдіктерді қызықтырып жүр

Опубликовано:

Тау
Фото : Еркебұлан Аймұратұлының жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы түрлі түске боялатын шыңды көруді армандайтын шетелдіктердің саны артты. Алып адам шахмат ойнағандай әсер беретін ғажайыпқа толы үстірті көру үшін шетелдік туристер мұхит асып келуге дайын. Олар табиғи құбылыстан туындаған шахмат тастардың тарихын өз тілдерінде түсіндіріп беруді сұрайды. Ондағы қабыршақ тастар мен ежелгі теңіз мекендеушілерінің қалдықтарынан жерге кілем төселгендей әсер береді. Мыңжылдық тарихы бар шыңдармен шетелдіктерді қызықтырып жүрген жас саяхатшы Еркебұлан Аймұратұлы KAZ.NUR.kz-ке сұқбат берді.

Туған ауылының атын шығаруды армандаған 30 жастағы қазақ жігіті Қазақстанның туризм саласын дамыту арқылы жаңа брендті танытуға күш салып жүр.

"Шетелдіктер үстіртке келуді армандайды. Қазір пандемияға байланысты көп нәрсені көрсету мүмкіндігі болмай тұр. Сұраныс өте көп. Карантинге байланысты оларды қабылдай алмай отырмыз. Индиядан, Манчестерден, Венгрия, Украина, Ресей, Қытайдан сұраныс жасап жатқандар бар. Маусым айының басында Англиядан екі турист келе жатыр. Олармен келістік, аудармашыны да тауып қойдық. Олар тарихты айтқан кезде аударма жасай алатын адам болсын деген талап қойды. Ақтолоғай тарихы мен сол жерде болған батырлар туралы көбірек айтуымызды сұрап отыр. Негізгі мақсатым -Ақтолағай арқылы Бацғанинды әлем таныса деймін. Ауылымды әлемге таныту үшін әрдайым жарнамалап жүремін",-дейді Еркебұлан Аймұратұлы.

Еркебұланның өзі Байғанин ауданының тумасы. 2013 жылдан бастап еліміздегі барлық ұлттық парктерді турлар арқылы аралап көргенін айтады. Ол қазіргі күні жерлестері мен қазақстандықтарды шың басына шығарып, ерекше табиғатты көрсетіп жүр.

"Шыңды көзбен көру керек. Ақ бордан құралған шыңның ең биік жері 300 м шамасында. Таңертең сарғыш, түс мезгілінде күріштей аппақ, кешке қарай көкшіл түске боялады. Күннің ауысқанына байланысты түсін өзгертеді. Мұны көзбен көру ғажап құбылыс. Бұрын бұл жерде теңіз болған екен деп те айтылады. Мүмкін рас та шығар. Миға сиымды. Кеңес кезінде киттің омыртқасы, акуланың тістері табылған. Барған сайын бірдеңе тауып алармын деген үмітпен аяғымның астына қарап жүремін. Ол жерден теңіз түбінде болатын дүниелерді табуға болады",- дейді ол.

Жас саяхатшының өзі табиғат сұлулығын ерекше әсермен баяндап, үстіртке жасалатын сапарды да түсіндірді.

"Қаладан түнде шығамыз. Ақтолағайдың қасында Алатау деген шың бар. Адам мініп-түсуге оңай. Барлық турист шыға алады. Биіктігі 120 м. Өткен жылы Ақтолағайға 14 рет сапар жасадық. Уақытын есептеп барамыз. Шыңға щыққаннан кейін 15 минут ішінде күн ұясынан шығады. Туристерге бірінші осы сәтті көрсетеміз. Ғажап көріністен алатын әсер ерекше. Ол жерде аспан асты мұражайы бар. Табиғи тастардан неше түрлі мүсіндерді көреміз. Тау арасында тұрып қалған жүрек мүсін, Рим колизейі, Египет пирамидасындағы арыстан бейнесін көруге болады. Әрі қарай Германиядан келген әже қойып кеткен "Шахмат ханшайымы" деген орынды көреміз. Онда әдейі қашап жасағандай шахмат тастарына ұқсас мүсіндер бар",-дейді Еркебұлан.

Фото
Фото: Еркебұланның жеке мұрағаты

Қазір туристік бағытта ұйымдастырушылық жұмыс жасап жүрген қазақ жігіті далалықтығы табиғат сұлулығын өзі де ұзақ іздегенін айтады.

"2016 жылы шетелдік сайттардың бірінен Ақтолағай туралы оқып, іздей бастадым. Қазақстанның Ақтөбе облысы Байғанин ауданында екенін естідім. Өзімнің туып өскен жерім. Ауылдастарымнан сұрай бастадым. Көп адам біле қоймады. Шатасып, Ақбота-Сәңкібай шоқысына ертіп апарды. «Мен суреттен көрген жер ол емес» деп іздеуді жалғастырдым. Ақтолағайды 2020 жылдың жазында таптық. Содан бері үстіртке саяхатшыларды ертіп апарып жүрміз. Көбі Бозжыра секілді деп айтады. Бозжыраға бару қазір жеңілдеді. Асфальт қасына дейін барып тұр. Біріншіден бұл жер бозжырадан биік, екіншіден жағдай жасалмағандықтан адам қиналып барады. Есесіні эксклюзивті кадр жасап, ерекше әсерде қайтады. Қазір Маңғыстаудан тур фирмалар хабарласып, Ақтолағайды көрсетуді сұрап жүр. Жергілікті әкімдік тарапынан қолдау бар. Хабарласып, ақылдасып тұрамын",-дейді Еркебұлан Аймұратұлы.

Айта кетейік, Ақтолағай – Ақтөтөбе даласындағы борлы үстірт. Атырау мен Ақтөбе облыстарының қиылысар жерінде орналасқан борлы үстіртте бұрын теңіз болған екен. Сол себепті бұл жерден миллион жыл бұрын мекен еткен ұлулардың, теңіз кірпілерінің тасқа айналған теңіз фауналарын оңай таба аласыз. Десек те, бұл тұсы ғылыми жағынан әлі зерттелмеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915041-auylymdy-alemge-tanytamyn-30-zastagy-aqtobelik-azamat-seteldikterdi-qyzyqtyryp-zur/

pixel