Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақ тілінің дамымауына қазақтар кінәлі": Қазақшаға "судай" корей жігіті жайлы білесіз бе

Опубликовано:

Владислав Тен
Владислав Тен: assembly.kz

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Lingva Ten» тіл үйрету орталығының жетекшісі Владислав Тен үнемі қазақ тіліне қатысты жақсы пікір білдіріп отырады. Кей сөздің төркінін жіті түсініп, астарын аңғарып, ойлы сұрақ тастайды. Бүгінде ол қызығушыларға қазақ тілін үйретуге де көшіпті. Бұл туралы «Ақжелкен» журналына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

«Мен Ташкентте дүниеге келдім. Қазақстанға он бір жыл бұрын келдім. Негізі, ата-анам – қазақстандықтар. Мен олардың жалғыз ұлымын. Ташкентте дәрігер болып жұмыс істедім. Тілім орысша шықты. Кеңес одағы кезінде бәріміз орысша сөйлестік. Жалпы, посткеңестік елдерде корейлердің бәрі орысша сөйлейтін адам ретінде қабылданады. Ал өзбек тілін үйренуге қажеттілік итермеледі. Негізі, Ташкенттің жартысы орысша сөйлейді. Өзге ұлт өкілдері көп. Бірақ дәрігер болу үшін өзбек тілін білу керек. Облыстардан келетін пациенттерді түсіну үшін өзбек тілін түсінуім керек болды. Өйткені олар білетін жалғыз тіл – өзбек тілі. Өзімнің тіл үйренуге бейімім бар. Жақсы дәрігер болу үшін бір жыл ішінде өзбек тілін үйреніп алдым», - дейді ол.

Владислав Тен қазақ тілін де тез үйреніп алған. Бірақ тілді жетілдіруге жалпы есебі жеті жылға жуық уақыты кеткен.

«Қазақстанға келген соң, қазақ тілін үйренгім келетінін айтқанда, әкем күмәнмен қарады. «Саған қазақ тілі неге керек? Мұнда бәрі орысша» деді. Бірақ әкемнің сөзіне ренжи көрмеңіз. Ол – орыстілді адам. Ол қазақ тілін құрметтейді, бірақ сөйлемейді. Солтүстік жақта негізінен солай. Бұл шындықтан қаша алмайсыз. «Бәрібір қазақ тілін үйренемін» деп мақсат қойдым. Дәрігер болғандықтан, ми функциясын жақсы білемін. Тіл үйрену үшін мидың қандай функциясын дамыту қажет екенін де шамалаймын. Жеті жылдан бері қазақ тілін үйреніп келемін. Толық меңгеріп алдым дей алмаймын. Өйткені, айналамда тілдік орта жоққа тән»,- дейді Тен.

Владислав 2017 жылы «Lingva Ten» деп аталатын тіл орталығын ашады. Ана тілі – корей тілін де үйреніп алған. Бес тілде еркін сөйлейтін ол 30 тілдің грамматикасын меңгеріп алған.

«Бес тілде еркін сөйлеймін. Қазақ тілі – өте бай тіл. Оны бірнеше ұрпақтан бері орысша сөйлеп келе жатқан қазақтар да меңгере алмайды. Қазір қазақ тілін екінші тіл ретінде орыстілді аудиторияға үйрете алатын деңгейге жеттім. Тіл орталығында қазақ тілі мұғалімдері бар, олар да менің әдістемем бойынша жұмыс істейді. Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жыл өтті, бірақ қазақ тілінің мәселесі әлі де бар. Бұған себеп – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білмеуі емес, кей қазақтардың өзі ана тілін білмейтіні, тіпті менсінбейтіні. Олар үшін қазақ тілі шет тілі сияқты.

Біз корейлерміз, бірақ ана тілімізді білмейміз. Бірақ оған біз кінәлі емеспіз. Өйткені ата-анамыз бізбен корейше сөйлескен жоқ. Бірақ депортацияның алғашқы толқынымен келген корейлер бір-бірімен ана тілінде сөйлесті. Бірақ олардың балалары, яғни біздің ата-анамыз орыс тіліне көшті де, өз ана тілін менсінбеуге көшті. Ана тілін ауыл тілі деп санады. Қазақтардың тілге қатысты мәселесін жақсы түсінемін. Оларды кінәлі деуге бола ма? Сондықтан оларды кінәлай бергенше, көмектесуіміз керек. Басқа тиімді жолмен қазақ тілін түсіндіруіміз керек. Рухани жаңғырудың мағынасы неде – Қазақстан халқының бір рухта болуында. Бәріміз бір тілде, яғни қазақ тілінде бір-бірімізді түсіне білетін күнге жетсек, ортақ рухты ел боламыз», - дейді ол.

Владислав қазақ тілі аясының кеңімеуіне кімдердің кінәлі екенін де айтты.

«Мен Қазақстанда үш жыл дәрігер болып қызмет істедім. Өзімді дәрігермін деп санаймын. Ал тіл білмеу – мен үшін аурудың бір түрі. Қазір менің тіл үйрену орталығымда шенеуніктер де, үлкен кісілер де сабақ алды, оқып жүр. Олар аты-жөнін жасырып ұстағысы келеді, маған айтпа дейді. Қазақ тілінің аясы кеңімеуіне, бір есептен, қазақтар өздері де кінәлі. Басқалармен қазақша сөйлеспейді. Ортаға басқа ұлт өкілі кіріп кетсе, бәрі орыс тіліне көше қояды. Қазақтың тілі де қонақжай. Кореяға барсаңыз, кім сізге қазақша сөйлейді? Сондықтан мен адамдармен ақ ниетпен, махаббатпен, еш агрессиясыз қазақша сөйлесуге тырысамын», - дейді Владислав Тен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915273-qazaq-tilinin-damymauyna-qazaqtar-kinali-qazaq-tilinde-taza-soiletin-korei-zigiti-zaily-ne-bilemiz/

pixel