Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда пәтердің төбесі ішіне опырылып түсіп, қарияны басып қала жаздады (фото)

Опубликовано:

Ескі пәтер
Фото: Facebook/Шолпан Али

Алматының қақ ортасындағы үйлердің бірінде пәтердің төбесі опырылып түсіп, үй иесін басып қала жаздады. Үй Бұхар жырау бульварында орналасқан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы журналист Шолпан Әли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Аталған аудандағы тұрғын үй қорын Алматы әкімдігі ескі деп мойындап, оларды сүруді жоспарлаған.

"Естеріңізге салайын, тұрғын үйлерді сүріп, жаңартуды аудан тұрғындары қолдады, алайда әлеуметтік желіде "Алматының ескі келбетін" сақтап қалайық деп шу көтергендер қарсы шықты. Олар қамысты-қаңқалы үйлерді мүлде ескі үй деп санамады. Ал төбесі опырылып ішіне түскен үйді белсенділер ескі үйлердің ішіндегі ең жарамдысы деп дәлелдеп бағып еді. Тіпті 10 адам осы мәселе бойынша Тоқаевқа ашық хат жазуға ұялған жоқ. Ал енді жағдай мынау, отбасына қайғының қара бұлты үйірілер ме еді, құдай сақтап, әжесі мен немерелері аман қалды", - дейді Шолпан Әли.

Ескі пәтер
Фото: Facebook/Шолпан Али

Желі қолданушысы пәтер тұрғыны жіберген суреттерді де жариялады. Қарт әжей ғажайыптың арқасында аман қалған. Шолпан Әли мұндай апатты тұрғын үйде тұруға болмайтынын айтып, дабыл көтерді. Аталған пәтердің тұрғындарының қазіргі жай-күйіне қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына Алматы әкімдігі қандай да бір жауап бере алмайтынын жеткізді. Қала әкімдігі портал тілшісін апатты тұрғын үй орналасқан Бостандық ауданы әкімдігіне сілтеді.

Аудан әкімдігі мамандары апат болған пәтер тұрғынын уақытша қонақ үйге орналастырғанын хабарлады.

"Қазір аталған пәтердің тұрғындары Атакенттегі қонақ үйге орналасты. Шығын әкімдік есебінен төленіп жатыр. Ал апатты үй бойынша мәселені шешу жолдары әкімдікте қарастырылып жатыр", - дейді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы тілші сауалына.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915604-almatyda-paterdin-tobesi-isine-opyrylyp-tusip-qariyany-basyp-qala-zazdady-foto/

pixel