RU

Ұлттық банк қазақстандықтарға үндеу жасады

Ұлттық банк
Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Ұлттық банк соңғы кездері елімізде алаяқтық фактісі көптеп тіркелуіне байланысты өзінің ресми сайтында қазақстандықтарға үндеу жасады.

Ведомствоның мәліметінше, елімізде ақша жымқыру мақсатында азаматтардың жеке деректеріне ие болу үшін банк қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқтар көбейе бастаған.

Осы орайда Ұлттық банк қазақстандықтарға жеке тұлғалардың шоттары бойынша қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жасамайтынын еске салды.

"Ұлттық банкте шоттар тек қана Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктердің, шектеулі заңды тұлғалардың операцияларын есепке алу үшін ашылады", - дейді ведомство.

Сонымен қатар, Ұлттық банк "ақша жіберіңіз" деген электронды хаттар мен белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап бермеуге кеңес береді.

"Белгісіз банк шоттарының реквизиттері көрсетілген, аяқ асты ақшалы боласыз деген хабарлама немесе телефон қоңырауы көбінесе алаяқтардың әрекеті екенін байқатады. Ұлттық банктен "ақша жіберіңіз" деген сипатта күмәнді хат келсе немесе қоңырау түссе, құқық қорғау органдарына арыздану қажет", - дейді ведомство.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда алаяқтың құрбаны болған әйел президенттен көмек сұрап отырғанын жазған едік.

Тұрғынның сатып алған пәтерінің құжаты жалған боп шыққан. Бірақ оны 2 жыл өткеннен кейін ғана білген. Оның үстіне пәтер иесінің мұрагері үйді босатуды талап етуде. Екі оттың ортасында қалған әйел енді президенттен көмек сұрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915615-ulttyq-bank-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/