Депутаттар "ҚазАвтоЖолдың" жұмысын сынға алды
Жарияланған күні:
Қазақстанда маусым айынан бастап оннан астам жол учаскесі ақылы жүйеге ауысты. Осы жағдайға байланысты бірнеше өңірде жүк көлік жүргізушілерінен құралған топ автокөлік жолдарына енгізуге жоспарлаған төлемақының жоғары болуына наразылық білдірді. Бұған қатысты мәжілістің жалпы отырысында депутаттар пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Халық қалаулысы Азат Сембинов индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың атына жолданған, бір топ депутат қол қойған сауалды оқып берді.
"Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде ақылы жолдарда жүру тарифтерінің бес еселенгеніне байланысты кәсіпкерлер мен жүк тасушылардың наразылық акциялары өтті. Ашуға мінген азаматтар тарифтердің жоғары бағада көтерілуі жолдардың сапасына сәйкес келмейтіндігін дұрыс айтып отыр және "ҚазАвтоЖол" компаниясының қызметінің ашық емес сипатына, оның монополиялық жағдайын асыра пайдалануына назар аудартты", - деді ол.
Сембинов 2013 жылы депутаттар бұл компанияның құрылуына қарсы болғанын еске түсірді.
"Өкінішке орай, мемлекеттік органдар біздің ескертуімізді елемеді. Компанияның өзі үнемі сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамаймен байқалып жүр.
Бүкіл әлемде ақылы автокөлік тас жолдары тек ақысыз баламалы магистраль болған жағдайда ғана енгізіледі, ал сіздер адамдарды таңдаусыз қалдырасыздар. Шын мәнінде жолдар олардың салықтарына салынған. Бүгінгі "ҚазАвтоЖолдың" тәбеті қайтадан ашуландырып отыр.
Бастамашылар ақылы жолдарға көшуді нарықтық экономика талаптарымен түсіндіреді. Бірақ нарық дегеніміз - бәсекелестік пен таңдау. "ҚазАвтоЖолдың" келуі көлікті таңдау құқығынан ғана айырып қоймайды, сонымен қатар қақпадағы заңсыз адам сияқты әсер қалдырады: "өмір немесе әмиян". Кәсіпкерлер де, азаматтар да олардың таңдау құқығын бұзып құрылған жүйенің түпкі тәбеті үшін жұмыс істейді екен", - деді мәжіліс депутаты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915715-deputattar-qazavtozoldyn-zumysyn-synga-aldy/