RU

"Дәл солай!": Атамқұлов Қазақстан шығаратын 167 көлік моделі туралы ақпаратты растады

Көлікте отырған ер адам
Көрнекі фото: piqsels.com

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов үкіметтің ресми сайты мен министрліктің таратқан ақпаратын растады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін кәсіпкер Санжар Боқаев үкімет сайтына шыққан ресми ақпаратқа сенбейтінін ашық айтқан. Оған сәйкес, Қазақстанда көліктердің 167 моделі шығарылады. Сондай-ақ, ол жерде 2010 жылдан бері 130 көлік құрастыру зауытының ашылғаны туралы жазылған. Ал кәсіпкер бұл есепке күдікпен қарайтынын мәлімдеген. 

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бұл ақпаратты растады.

"Иә, шынымен де, Қазақстанда көліктердің 167 моделі өндіріледі. Бұл жерде әрбір модельді тіркеудің өзіндік тәртібі бар. Мысалы, көліктің маркасы бар. Қазақстанда автомобильдің 20 маркасы шығарылады. Ал әрбір марканың модельдері болады. КАМАЗ-ды алайықшы, осы марканы бірнеше кәсіпорын шығарады. Бұл көліктің бірнеше маркасы бар және әрбіреуі белгілі бір мақсатта қолданылады. Азаматтық, әскери, коммуналдық мақсатты және тағысын тағы. Сонда әрбір модель бөлек-бөлек тіркеледі", – деді Атамқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, Lada, KIA және Hyundai сияқты жеңіл көліктердің маркалары да бірнеше модельді шығарады.

Ал кәсіпкер Санжар Боқаев министрліктің ақпаратына сенбейтінін мәлімдеп, үкімет басшысына үндеу жолдады.

"Индустрия министрлігі қандай 167 автокөлік моделін өндіретінімізді айтып берді. Министрліктің жауабын қанағаттанарлықсыз деп есептеймін. 40 модельді атап шығу, оның ішінде 20-сын біз өндірмейміз, дайын күйінде алып келеміз, ал 80 модельді камаздардың түрлері, тағы 39 модель автобустар деу, жай ғана өтірікті ақтауға тырысу емес, істің нақты мән-жайын мақсатты түрде жасыру деп есептеймін. Бұл үкімет басшысы ретінде сіздің мұқият тексеру және бағалау жүргізуіңізді талап ететін мәселе", – деді Боқаев. 

Сондай-ақ, ол соңғы 10 жыл ішінде жаңадан салынған 130 машина құрастыру зауыттарына қатысты сауалды жауапсыз қалдырғанын еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915719-dal-solai-atamqulov-qazaqstan-sygaratyn-167-kolik-modeline-qatysty-aqparatty-rastady/